ХІ Астана экономикалық форумы 17 мамырда ашылады

0
1 271

XI Астана экономикалық форумы 17–19 мамыр аралығында өтеді. Руслан Дәленовтың айтуынша, оның бұған дейін өткен шаралардан басты айырмашылығы — жаңа формат және жаһандық күн тәртібі.


ХІ Астана экономикалық форумы 17 мамырда ашылады

Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында Global Challenges Summit 2018 Астана экономикалық форумын өткізуге дайындық бойынша өткен брифинг барысында ҚР ұлттық экономика бірінші вице-министрі мәлім етті, ERNUR.KZ.

XI Астана экономикалық форумы 17–19 мамыр аралығында өтеді. Руслан Дәленовтың айтуынша, оның бұған дейін өткен шаралардан басты айырмашылығы — жаңа формат және жаһандық күн тәртібі.

«Форум 10 жыл қатарынан өткізіліп келеді және де экономикалық ой, идея мен тәжірибені байланыстыратын халықаралық алаңға айналды. Шараға 10 жыл ішінде әлемнің 150 елінен 50 мыңнан астам делегат қатысты. Форумның әсері зор: мұнда халықаралық инвесторларды тартудан бастап елімізде және әлемде экономикалық саясаттың күн тәртібін қалыптастыру жөніндегі жаңа идеялармен алмасуға дейін қарастырылған», — деді Руслан Дәленов.

Сонымен қатар, бірінші вице-министрдің айтуынша, форумды қайта жаңартатын уақыт жетті.

«Әлем өзгеруде, Қазақстанда жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр, демек форум да жаңа талаптарға сай болуы керек. Жаңартылған форум жаһандық сын-тегеуріндер туралы әлемнің жетекші саммитіне айналуы тиіс, бұл АЭФ-тің мазмұны мен өткізу формасын өзгерту қажеттігін білдіреді», — деді Р. Дәленов.

Форум сұрақтарының ұсынылған тақырыбы терең және жан-жақты сараптамалық көзқарасты, тиісті тереңдікті және талқылаудың жоғары дәрежесін көздейді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, АЭФ зияткерлік элита өкілдері әлемдік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылайтын және оларды шешу бойынша ұсыныстар әзірлейтін алаңға айналады.

Талқылауға 11 жаһандық тақырып ұсынылады: бірыңғай экономика әлемі, жаһандық стратегия әлемі, ресурстар әлемі, жаңа таза энергия әлемі, ұзақ өмір сүру әлемі, болашақ ақшалары әлемі, жаһандық қауіпсіздік әлемі, жаңа адамзат әлемі, қалалар әлемі, сингулярлық әлемі және цифрлық әлем.

дереккөз: primeminister.kz