Халықаралық қаржы институттары соңғы 15 жылда Қазақстанға 14 млрд доллар құйған

0
1 341

Еліміз ең көп ақшаны дағдарыс пен пандемия кезінде алыпты.


Халықаралық қаржы институттары соңғы 15 жылда Қазақстанға 14 млрд доллар құйған

ERNUR.KZ. Халықаралық қаржы институттары соңғы 15 жылда Қазақстанға 14 млрд доллар құйған. Бұл жайында Еуразиялық тұрақтылық және даму қорының есебінде жазылған, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Қор ақшаны энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігі, инфрақұрылым мен денсаулық сақтау саласына құйдық,- деп есеп жіберіпті.

Халықаралық 16 донор ұйым соңғы 15 жылда Еуразия кеңістігіндегі 11 елге 95 млрд доллар көлемінде ақша құйған. Оның бірі - біздің ел. Қазақстан ақша көлемі бойынша Өзбекстаннан кейін екінші орында тұр. Еліміз 14 млрд доллар көлемінде ақша тартқан. Алайда, бұл тегін жатқан батпанқұйрық емес. Қайтарымды және пайызы бекітілген инвестициялық кредит. Еліміз ең көп ақшаны дағдарыс пен пандемия кезінде алыпты.

«Қазақстан тартқан қаражаттың жартысынан көбі 2009, 2015, 2020 жылдары дағдарыс кезінде алынған. Ол жылдары шетелден келген қаржылай қолдаудың көлемі 10 млрд АҚШ долларынан асты. Былтырғы транш өткен қиын жылдарға қарағанда азырақ болды – 10 млн доллар. Оның 90 пайызы Еуразиялық даму және қайта құру банкінің инвестициялық кредиті. Бұл қаражат Өскемен көшелерін жарықтандыруға жұмсалды», делінген Еуразиялық тұрақтылық және даму қорының есебінде.

Тәуелсіз сарапшы Андрей Чеботаревтың айтуынша, халықаралық ақша жергілікті инвестиция тартуға болмайтын жобаларға құйылады. Мысалы, энергетикалық нысандарды жаңғырту, инфрақұрылымдық жобалар және басқасы. Әдетте мұндай жобалардың қайтарымы кеш, сол себепті бизнестің қызығушылығы төмен. Ал, халықаралық қаражат ұзақ мерзімге беріледі. Сарапшының сөзінше, мұндай жобаларға ақшаны ішкі нарықтан гөрі, сырттан тартқан тиімді. Себебі, біздің билік әдетте ақшаны Ұлттық қордан алады.

«Үкімет Еуразиялық даму банкінен кредит алып, мақсатсыз жұмсап жіберді. Яғни, 2 пайызбен валюталық қарыз алып, бюджеттің дефицитін жоюға бағыттады. Бірақ, бұл Ұлттық қордан алғаннан жақсы. Мысалы, Ұлттық банк орташа алғанда 3 пайыз табыс табады. Егер ақшаны шетелден тартсақ, Ұлттық қордың ақшасын қорда қалдырып, көбірек табыс табамыз», - дейді Тәуелсіз қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев.

Шетелден ақша тартудың қаупі сол – валютаның бағамы құбылмалы. Мысалы, 2010 жылдары қарыз алғанда бағам басқаша болса, қазір өте жоғары. Сәйкесінше, оның қайтарымы да көп. Бұл мәселенің жай-жапсарын білу үшін жауапты ведомство – Қаржы министрлігінен пікір сұраған едік. Алайда, бас тартты. Айтпақшы, халықаралық қаражат бізде ғылым саласына мүлде тартылмайды екен. Мұның мәнісін сарапшы ғылымды қаржыландыруға қызығушылықтың жоқтығымен байланыстырды.