Халықаралық Наурыз күні алғаш рет Африкада аталып өтті

0
455

Осындай ауқымды іс-шара Эфиопияда ғана емес, бүкіл Африкада алғашқы рет өткізілді.


Халықаралық Наурыз күні алғаш рет Африкада аталып өтті

ERNUR.KZ. Африка одағының орталығында, Эфиопия астанасы Аддис-Абебада Қазақстан Елшілігінің бастамасымен Халықаралық Наурыз күніне арналған салтанатты іс-шара өтті, деп жазады inbusiness.kz.

БҰҰ Бас Ассамблеясының тиісті қарары бірқатар елдердің, соның ішінде Қазақстанның бастамасы бойынша 2010 жылы қабылданды (БҰҰ БА 64/253 "Халықаралық Наурыз күні"). Тағы төрт елшілік, атап айтқанда Әзербайжан, Үндістан, Пәкістан және Түркия елшіліктері, сондай-ақ Эфиопиядағы ЮНЕСКО бюросы осы іс-шараның ұйымдастырушылары болды.

Осындай ауқымды іс-шара Эфиопияда ғана емес, бүкіл Африкада алғашқы рет өткізілді. Мерекеге 400-ге жуық қонақ қатысты, олардың арасында Эфиопияның мемлекеттік органдарының, Парламентінің, бизнес-құрылымдары мен БАҚ, Аддис-Абебадағы дипломатиялық корпусының жоғары лауазымды тұлғалары болды.

Іс-шара аясында ағаш отырғызу рәсімі өткізілді, Наурыз туралы фильм көрсетілді, халық әндері мен билерінің концерті ұйымдастырылды, сондай-ақ ұйымдастырушы елдердің тағамдарынан дәм татты.

Қазақстан Елшісі Барлыбай Садықов ұйымдастырушылар атынан сөйлеген сөзінде қонақтарды Наурыз мерекесінің тарихымен және тұжырымдамасымен таныстырып, оның қоғамдағы келісім мен бірлікті нығайту, мәдениетаралық диалогты дамыту, бейбітшілік пен қауіпсіздікке жәрдемдесу, халықаралық экологиялық күн тәртібі тұрғысынан маңыздылығын атап өтті.

Эфиопия Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі, елші Дина Муфти Эфиопия Үкіметінің атынан елшіліктерге бұл мерекені алғаш рет Африкада атап өткені үшін алғысын білдірді.

"Бұл өзара құрметке, бейбітшілік пен тату көршілік мұраттарына негізделген адамдар арасындағы байланысты орнатуда өте маңызды рөл атқарады. Аддис-Абебада Наурызды тойлау Эфиопиямен достықтың символы болып табылады, елдермен және халықтармен мәдени байланыстарды нығайтуға, жаһандық деңгейде достық пен ынтымақтастыққа бағытталған", – деді ол.

Аддис-Абебадағы ЮНЕСКО директоры, доктор Юмико Йокозеки, өз кезегінде, қоғамды бейбітшілікке, ынтымақтастық пен қуанышқа шабыттандыру үшін осындай салтанатты мерекелерді өткізу қажеттілігін атап өтті.

"Наурыз ЮНЕСКО-ның көптеген құндылықтарын, атап айтқанда, өзара сыйластықты, табиғатпен үйлесімді өмірді және адамдардың санасында ынтымақ пен бейбітшілікті көтермелеудің маңыздылығын көрсетеді", – деді Ю. Йокозеки.

Іс-шараға қатысушылардың ерекше қызығушылығын киіз үй стилінде арнайы безендірілген және ұлттық ою-өрнекпен, қазақ музыкалық аспаптарымен, тұрмыстық заттармен және ұлттық костюмдермен безендірілген "қазақ бұрышы" тудырды. Қонақтарға қазы, наурыз көже, бауырсақ, манты, жент және басқа да қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылды.

Қонақтарға қазақтың ұлы қайраткерлерінің, соның ішінде Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен қызметі туралы ақпарат ұсынылды. Музыкалық композиция аясында Роза Бағланованың әндері шырқалды.

Наурыз секілді мәдени іс-шараларды өткізудің биыл аяқталатын, Қазақстан бастамашылық еткен БҰҰ мәдениеттерін жақындастырудың, мәдениетаралық диалог пен ынтымақтастықты дамытудың халықаралық онжылдығы мәнмәтінінде маңызы зор. Наурыз іс-шара қонақтарының көңілінен шығып, олардың Қазақстан мәдениетіне деген қызығушылығын тудырды. Барлық қонақтар Наурыз мейрамын осындай форматта жыл сайынғы іс-шара ретінде өткізуге тілек білдірді.