Көбіне 40 жасқа дейінгілер жұқтырады: «Үнді» штамы туралы белгілі факторлар

0
410

Бүгін аталмыш штамның таралу ықтималдылығы Алматы қаласында да анықталды.


Көбіне 40 жасқа дейінгілер жұқтырады: «Үнді» штамы туралы белгілі факторлар

ERNUR.KZ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, «дельта» штамы алғаш рет 2020 жылы қазан айының басында Үндістанның Нагпур қаласында анықталды. Соңғы мәліметтерге сәйкес, SARS-CoV-2 штамы әлемнің 174 еліне таралып отыр. Оның ішінде Қазақстан да бар, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Бұған дейін, Денсаулық сақтау министрлігі айналымда «үнділік» штамның болу ықтималдылығын анықтаған болатын. Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус жұқтырған науқастардан алынған оң зертханалық үлгілерге ПТР-скрининг жасалып, нәтижесінде «дельта» штамына («үнді» штамы) тән мутацияға күдікті жағдай анықталды.

Мутацияның болуын және оның «дельта» штамына жататындығын түпкілікті растау ДНҚ үлгілерін толық геномдық секвенирлеу аяқталғаннан кейін белгілі болады.

Әзірге белгілі фактілер:

«Дельта» штамы аса контагиозды және анықталған штамдарға қарағанда жұқпалылығы 60%-ға жоғары. Қазіргі айналымдағы штамдар 1 адамнан орта есеппен 3-4 адамға таралатын болса, бұл штамм 5-6 адамға бірден жұғады және 7 күнге созылатын қысқа инкубациялық кезеңмен сипатталады.

Ұлыбританияның Қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің (PHE) соңғы мәліметі бойынша, бұл елде коронавирус жұқтырғандардың 99%-ы «дельта» штамы.

Ресейлік БАҚ Мәскеуде кейін инфекция жұқтырғандардың 90%-ынан «үнді» штамы анықталды деп хабарлайды.

ДДСҰ бұл штамм адамнан адамға тез жұғатынын және оның белгілері анағұрлым ауыр екенін айтады. Lancet журналында жарияланған Шотландияның Ұлттық денсаулық сақтау қызметінің мәліметінше, «дельта» штамымен ауруханаға жатқызу қаупі «альфа»-ға қарағанда 2 есе жоғары.

Британдық сарапшылардың пікірінше, «дельта» штамы бұрынғыға қарағанда 30-дан 100%-ға дейін жұқпалы. Бір ғана жағымды факт: бұл штамм салдарынан тіркелген өлім саны аз.

Сондай-ақ, «дельта» штамы жұққан сәтте оның белгілері суық тию кезіндегі белгілерге ұқсас және оны көбіне 40 жасқа дейінгі адамдар жұқтырады.

Жаңа штамм жұқтырған кезде негізгі белгілер: бас ауруы, мұрыннан су ағуы, дене қызуының көтерілуі және жұтқыншақтағы ауырсыну. Әдетте иіс сезбеу және жөтел болмайды.

Айта кетерлігі, бұған дейін «үнді» штамының мутацияланғаны белгілі болды – «дельта плюс» (B. 1.617.2.1). Ол коронавирус жұқтырған науқастардың антидене белсенділігін төмендетуге қабілетті. Әзірге бұл нұсқа Қазақстанда анықталған жоқ.

Еске салайық, кеше Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Үкімет отырысында «дельта» штамына тән белгілерді атап өтті.

«Соңғы зерттеулер көрсеткендей, «үнді» штаммы ауруханаға жатқызу және өлім-жітімнің жоғары ықтималдығымен байланысты. Сонымен қатар, буындар мен іштің қатты ауыруы, ішек көріністері, есту қабілетінің жоғалуы сияқты жаңа клиникалық белгілер пайда болды», - деді Алексей Цой.

Сондай-ақ, ҚР аумағында коронавирус инфекцияcының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) отырысы өтіп, Нұр-Сұлтан қаласында «Дельта» штамына тән COVID-19 мутациясының анықталуына байланысты ВАК ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігеріне карантиндік режим бойынша қосымша шаралар қабылдауды ұсынды.

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша карантин режимін күшейту жөніндегі ұсынысы қолдау тапты.