"Қол көтерген ата-аналардың балаларын тартып алады": Сенат депутаты жаңа заң жобасын түсіндірді

0
477

Аталмыш заң жобасында екі маңызды нәрсе көзделген.


ERNUR.KZ. Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту туралы заң жобасы сенатқа ұсынылғаннан бері жұмыс тобының 16-дан астам отырысы мен қоғам өкілдерімен кездесулер өткізілді. Мұны сенат депутаты Жанна Асанова мәлімдеді, деп жазады stan.kz.

Аталмыш заң жобасында екі маңызды нәрсе көзделген.

  1. Отбасылар мен балаларға көмек көрсету, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық нысандарын болдырмау, сондай-ақ зорлық-зомбылықтың құрбаны болған адамдарды қолдау жөніндегі инфрақұрылымды құру жөніндегі іс-шаралар кешені;
  2. Зорлық-зомбылық әрекеттерін жасағаны үшін жауаптылықты қатаңдату (ұрып-соғуды және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіруді әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінен қылмыстық кодексіне ауыстырып, кінәлілерді қылмыстық жауапкершілікке тарту).

“Заң жобасын жұмыс тобының мүшелері де, әріптестеріміз де, тәуелсіз сарапшылар да қолдады. Қасым-Жомарт Тоқаев талай рет айтқан зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілікке қол жеткізу қадамдарының маңыздылығы мен қажеттілігін қазақстандық қоғам түсінетіні қуантады. Бұл заң азаматтарды зорлық-зомбылықтың барлық түрінен қорғауға бағытталған және оның басты міндеті – балаларды ата-анасынан айыру емес, отбасы мен қоғамдағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, олардың өсуі мен дамуы үшін қауіпсіз және қолайлы ортаны қамтамасыз ету. Балаларды ұру дұрыс емес және оған жол берілмеуі керек!” – деді депутат.

Ол мемлекеттік саясатымыз ізгі тәрбие мен балалардың ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу қағидаттарына құрылғанын атап өтті.

“Әлеуметтік желілерде таралып жатқан "психологтар күштеп сынақтан өткізеді, сосын балаларымызды алып кетіп, ЛГБТ етеді" деген сандырақ сөздер шындыққа жанаспайды, бұл – қоғамдық пікірді манипуляциялау. Мемлекеттік органдар әдетте туыстық, отбасылық қарым-қатынасты сақтауға күш салады және баланың қауіпсіздігі мен өміріне қауіп төнген төтенше жағдайларда ғана сот арқылы араласады”, – деді Асанова.

Алайда ата-аналар одағы ұсынысты талқылаудан бас тартыпты. Олар заңға қарсылық білдірген.

“Қалыпты, адекватты адамдар бұл заңға мүлдем алаңдамауы керек, өйткені бұл оларға қатысты емес, егер олар, әрине, балаларын, ата-анасын, әйелдерін ұрып-соғып, зорлап немесе өлтірмесе, алаңдайтын нәрсе жоқ”, – деді депутат.