Көмір бағасы былтырдан бері қымбаттаған жоқ - министрлік

0
350

Кездесу барысында тараптар көмір өндірісін жаңғырту мен салаға жаңа технологиялар енгізуге бағытталған мәселелерді талқылады.


Көмір бағасы былтырдан бері қымбаттаған жоқ - министрлік

ERNUR.KZ. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Республикалық тау-кен өндіруші және тау-кен металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовецпен кездесті, деп жазады ҚазАқпарат.

Кездесу барысында тараптар көмір өндірісін жаңғырту мен салаға жаңа технологиялар енгізуге бағытталған мәселелерді талқылады. Сонымен қатар қатты отын тасымалын ұтымды ұйымдастыру мен оның бағасының негізсіз өсуін тежеу және инвестициялар тарту бойынша бірлесе жұмыс істеуге уағдаласты.

Бүгінде елімізде көмір өндіретін 25-ға жуық кәсіпорын бар. Аталған өндіріс ошақтары биылғы сегіз айда 73,7 млн тонна көмір өндірген. 2022-2023 жылдардағы жылыту маусымының басынан бері коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халыққа арналған 4,03 млн тонна қатты отын жеткізілді. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 4,6 пайызға артық.

Көмір саласындағы компаниялардың мәліметі бойынша, отынның бұл түрінің бағасы өткен жылғы деңгейде. Мәселен, қазіргі таңда ішкі нарықта көмірдің әр тоннасы 8 мың мен 21 мың 600 теңге аралығында сатылуда. Оның құны кен орнының қашықтығы мен көмірдің маркасына тікелей байланысты.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі көмір бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында «ҚазТемірТранс» АҚ вагондар желісі арқылы кен орындарынан тікелей тасымалдауды ұйымдастыруда.

Бұдан бөлек, ИИДМ көмірді елден тыс аймақтарға автокөлікпен шығаруға тыйым салу туралы арнайы бұйрық шығарды. Министрліктің бұл шешімі жергілікті көмір тиеу тұйықтары мен өңір әкімдіктерімен бірлесіп әзірленген. Басты мақсат – 2022-2023 жылдарындағы жылу беру маусымы кезеңінде көзделген межені орындау және елдегі көмір тапшылығын болдырмау.