Қазақстан мен Қытай бірге түсірген алғашқы көркем фильм көрерменге жол тартты

0
1 798

Көркем фильм әйгілі қытай композиторы Сянь Синхай мен қазақ композиторы Бақытжан Байқадамовтың достығы туралы шынайы оқиға желісімен түсірілген


Қазақстан мен Қытай бірге түсірген алғашқы көркем фильм көрерменге жол тартты

ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтандағы "Қазақстан" орталық концерт залында 17 мамырда Қазақстан мен Қытай алғаш рет бірге түсірген "Композитор" көркем фильмінің тұсаукесері өтеді, деп жазады sputniknews.kz.


"Әйгілі қытай композиторы Сянь Синхай мен қазақ композиторы Бақытжан Байқадамов туралы бұл оқиға баршамызға бұрыннан белгілі. Мен музыкантпын, консерваторияда оқыдым, екі атақты адамның достығы туралы тамаша хикая бала күнімнен есімде. Сянь Синхай Алматыға көшіп келгенде көмек қолын созған алғашқы жандардың бірі біздің композитор еді", - деп атап өтті Ақтоты Райымқұлова.

Кинокартинаның тұсаукесеріне шығармашылық ұжым қатысады. Қызыл кілемге Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ вице-президенті Серік Жұбандықов, фильмнің қоюшы режиссері Шерзат Якуб, сорежиссер Сәбит Құрманбеков, Бақытжан Байқадамовтың рөлін сомдаған актер Берік Айтжанов, Сянь Синхай мен оның әйелінің рөлін ойнаған қытай актерлері Ху Чжунь мен Юан Чуан шығады.

Фильмнің тұсаукесерінде Қазақстанның мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы сөз сөйлейді.

"Композитор" фильмі

Фильм композитор Сянь Синхайдың Кеңес Одағындағы, оның ішінде Алматыға эвакуацияланған кездегі өмірі мен шығармашылығы, сондай-ақ қазақ композиторы Бақытжан Байқадамовпен достығы туралы сыр шертеді.

Көркем фильмді бірлесіп түсіруге екі елдің үкіметі бастамашы болып, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай Халық Республикасы төрағасы Си Цзиньпин 2015 жылы 31 тамызда қол қойған мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық туралы келісім аясында қолға алынды. Қазақстанның мәдениет және спорт министрлігінің нұсқауымен Ш. Айманов атындағы "Қазақстан" АҚ мен Shineworks Pictures кинокомпаниясы арасында кинокартинаны бірлесіп түсіру, қаржыландыру және пайдалану бойынша серіктестік туралы келісім жасалды.

Фильмнің түсірілімі 2017 жылы өтті. Басым бөлігі Қазақстанда түсірілген.