Кондиционер түрінде пара алды деп күдікке ілінген маңғыстаулық шенеунік ұсталды

0
799

Маңғыстау облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі сотқа дейінгі тергеуді бастады.


Кондиционер түрінде пара алды деп күдікке ілінген маңғыстаулық шенеунік ұсталды

ERNUR.KZ. Маңғыстау облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары пара алды деп айыпталуда, деп жазады Елорда Инфо.

«Маңғыстау облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Маңғыстау облысының «Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасарына қатысты жемқорлық қылмыс жасады деген күдік бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады», - деп хабарлайды ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.
Агенттіктің баяндауынша, ол шетелдік жұмыс күшін тарту мәселелері жөніндегі комиссияның төрағасы бола отырып, аталған мекеменің бөлім басшысынан жұмыс бойынша жалпы көрсеткен көмегі үшін кондиционер түрінде пара алды деген күдікке ілінді.
«Осыған дейін хабарланғандай, аталған басқарманың шетелдік жұмыс күшін тарту мәселелері жөніндегі бөлімінің басшысына қатысты облыс аумағында еңбек қызметін жүзеге асыратын шетелдік азаматтарға жұмыс визаларын кедергісіз бергені және ұзартқаны үшін бірнеше рет шетелдік компаниялардың өкілдерінен 500-ден 1000 АҚШ долларына дейінгі мөлшерде пара алды деген күдік бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр», - делінген ақпаратта.

Хабарламада айтылғандай, бүгінде сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Күдіктіге қатысты түпкілікті шешімді оның кінәсінің деңгейін анықтау арқылы сот қабылдайтын болады.