Қордайдағы 11 адамның өлімі: Автобус жүргізушісіне сот үкімі шықты

0
994

Автобус жүргізушісі өз кінәсін толықтай мойындап, өкінішін жеткізген.


Қордайдағы 11 адамның өлімі: Автобус жүргізушісіне сот үкімі шықты

ERNUR.KZ. Қордай маңындағы тасжолда аударылып қалып, салдарынан салондағы 11 адам көз жұмған автобустың жүргізушісіне қатысты сот үкімі шықты. Қордай аудандық соты жүргізушіні кінәлі деп таныды, деп жазады Stan.kz.

Ер адам Қылмыстық кодекстің «Көлік құралын басқарушы тұлғаның жол ережесін бұзып, абайсыздықта екі немесе одан да көп адамның өліміне алып келуі» бабы бойынша айыпталған.

Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, автобус жүргізушісі өз кінәсін толықтай мойындап, өкінішін жеткізген.

«Сот сотталушының өкінішін, тұрғылықты орнынан алынған оң сипаттамаларды, сотталмағанын қылмыстық жауаптылықты жұмсартатын мән-жайлар қатарына енгізіп, оның әрекетінде жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар жоқ екенін ескерді. Сот оған 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар көлік жүргізу құқығынан 7 жылға айырды», - дейді соттың баспасөз қызметіндегілер.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетсек, 20 сәуір күні таңғы сағат 05.00-де Жамбыл облысындағы Қордай ауданынан 181 шақырым жерде Алматы-Ташкент тасжолында Toyota маркалы автокөлік жолда кетіп бара жатқан жүк көлігіне соғылған. Тасжол бойында артынан келе жатқан автобус осы автокөліктерге соғылмайын деп әрекеттенгенде, жолдан шығып құлап кеткен.

Жол-көлік оқиғаларының нәтижесінде сол жерде 8 адам қаза тауып, 32 адам медициналық мекемелерге жеткізілді, алған жарақаттарының салдарынан тағы да 3 адам ауруханада қайтыс болды.