Қорғаныс министрлігі биыл 9 млрд теңге бюджет қаржысын үнемдеген

0
471

Министр саладағы кейбір білікті мамандардың мемлекеттік тілде өз ойын еркін жеткізе алмайтынына да тоқталды.


ERNUR.KZ. ҚР Қорғаныс министрлігінде өткен аппарат кеңесінде Қарулы күштердің салаға бөлінген бюджет қаражатын жүз пайыз игерумен қатар, осы жылдың өткен кезеңінде 9 миллиардтан астам теңгені үнемдегені айтылды, деп жазады Azattyq Rýhy.

«Мемлекеттік сатып алуды жүргізу кезінде үлкен айқындылық пен ашықтықты қамтамасыз ету, сонымен қатар заңнаманы бұлжытпай орындау мен конкурстық процедураларды жетілдіру есебінен үнемделген қаражат Қарулы Күштерді дамытудың басым бағыттарына бөлінді», - делінген ведомство хабарламасында.

Қорғаныс министрі, генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев жалпы Қарулы күштерде мемлекеттік тілдің қолданылу аясы кеңейіп келе жатқанын атап өтті. Кеңестер, іс жүргізу және нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу мемлекеттік тілде жүргізіледі, ал әскери қызметшілер арасындағы қарым-қатынас, әскери бөлімшелерді басқару екі тілде жүзеге асырылуда.

«Бұл ретте жекелеген лауазымды тұлғалардың, оның ішінде басшылықтың мемлекеттік тілді меңгеруін жақсарту керек екеніне баса назар аударылды. Негізінен, олар өз ісінің шеберлері, білімді және жан-жақты мамандар, алайда мемлекеттік тілде өз ойын еркін жеткізе алмайды.
Командалық құрам, командирлер, бас қолбасшылар үшін, тіпті министрдің орынбасарларына дейін тереңдетілген жүйелі топтық сабақтар мен жеке курстар, мемлекеттік тілді білуін тексеруді ұйымдастыру бойынша нұсқау берілді. Ол үшін білім алушыларға мемлекеттік тілде сөйлеуді тәжірибе жүзінде қолдануға барынша бағыттайтын оқытушыларды іріктеуге ерекше көңіл бөлінеді», - деді министр.