Коронавирусты 25 пен 52 жас аралығындағы азаматтар жұқтырды

0
1 391

Коронавирус жұқтырған бір науқас ауыр халде. Қалғанының жағдайлары қандай? Жастары нешеде?


Коронавирусты 25 пен 52 жас аралығындағы азаматтар жұқтырды

Коронавирус жұқтырғандармен байланыста болған 39 отандасымыз іздестірілуде. Қазір олар еліміздің дәл қай қаласында жүргені белгісіз. Ал жауапты министрлік таратқан соңғы ақпаратқа қарағанда денесін қауіпті дерт дендеген адамдардың саны 49-ке жетті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

«Олардың барлығы Қазақстан азаматы. 25 пен 52 жас аралығында. Барлығы бұрын ауырған адамдармен тікелей байланыста болған. Қазір олар стационарда. Карантинде жатыр. Емделіп жатыр. Жағдайлары жақсы. Осы сағатта Алматы бойынша 19. Нұр-Сұлтан бойынша 25. Барлығы 44 науқас тіркеліп отыр», - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп.

Одан бөлек науқастармен байланыста болған 593 адам стационарда. 2000-нан астамы үй карантинінде жатыр. Ал 39-ы әлі іздестірілуде. Қауіпті індет табылған отандастарымыздың 80 пайызына жуығы 30 пен 50, 10 проценті 50 мен 60, ал қалғандары 18 бен 30 жас аралығында екен. Инфекцияға шалдыққандар тек қос мегаполисте ғана анықталған. Алайда, күні кеше Минск-Нұр-Сұлтан бағытымен ұшып келген 67 отандасымыз бас қаладағы стационарларға сыймаған соң, Қарағандыдағы жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілді деген ақпар тараған-ды. Оны мамандар да растады.

«Иә, кеше Минсктен ұшып келген 67 отандасымызды Қарағандыға жеткізуімізге тура келді. Бірақ олар науқас емес. Ешкімнен коронавирус белгілері табылмаған. Ал Нұр-Сұлтанда 3 стационар жұмыс істеп тұр. 1051 адамға арналған орын бар. Тек біз кеше келушілердің қатары көп болады деп ойлаған соң, кей азаматтарды басқа қаладағы стационарға жатқыздық», - деді Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова.

Қазір вирусты жұқтырғандарды тек бас қала бойынша ғана 60-тан астам дәрігер тәулігіне 24 сағат бақылап отыр. Ақ халаттылар да науқастармен бірге карантинде. Аурухананадан шықпайды. Кезек-кезекпен ауысып жұмыс істеуде. Олардың сөзінше пациенттер дәрігерлерден гөрі психологтардың көмегіне зәру. Бәрінің жағдайы қалыпты. Тек алматылық бір науқастың жағдайы орташа ауыр екен.