Қошқардың жұмыртқасымен бала көтеруге бола ма? Мамандар талдап көрді

0
2 553

​Қазақ ырымға бай халық. Дегенмен ырымы қырын кететін тұстар аз емес. Әсіресе, бедеу әйел бала көтерсін деген ниетпен түрлі амал жасайды. Соңғы кезде қошқардың жұмыртқасымен әйелдің маңдайынан ұрып, бала көтерсін деп ырымдайтындар бар. Бұл қаншалықты орынды?


Қошқардың жұмыртқасымен бала көтеруге бола ма? Мамандар талдап көрді

ERNUR.KZ. Желіде қошқардың жұмыртқасымен әйелдің маңдайын ұрып жатқан әйелдің видеосы кең тарады, деп жазады Stan.kz.

Мұны келін бала көтерсін деген мақсатта жасайды. Көпшілік мұны қырғыз халқынан тараған ырым десе, кейбірі қазақта тараған ырым деп сенеді, енді бірі мұны абсурд деп бағалады.

“Қазақ ырым етеді, ырымы қырын кетеді дейді. Кей ырымның қолдан жасалғаны көрініп тұр. Егер Алла бермесе, басынан немен ұрса да, ол бала көтермейді. Ол жерде қошқардың түк қатысы жоқ. Алладан сұрау керек”, – дейді дінтанушы Ернар Нартайұлы.

“Қошқардың жұмыртқасын, еркек малдың жұмыртқасын деликатес ретінде пайдаланатынын білемін. Ол ер азамттың күш-қуатын арттырады деп саналады. Бірақ оны әйел бала көтеру үшін ырымдау қисынға келмейді. Бұл адамдардың фантазиясы”, – деді Төреғали Батырханұлы.

Қырғыз елінің өкілі Руслан Асматов бұл ырым қырғыз еліне тән емес деп кесіп айтты.

“Мен бұндайды бұрын көрмеппін. Бұндай ырым жоқ. Кей адам өзі ырымдаған соң солай тарап кеткен шығар. Қырғыздар деп біреу айта салған ғой. Қырғыз бен қазақты “жылауық” деген ырым бар. Қой сойғанда төс пен өкпенің ортасында тұратын ет болады. Сонымен құрметті қонақтың, баланың алақанын ұрады. Бұл жақсылық болсын деген ырым. Кейде оны босағаға жапсырып қояды. Оны кепкенше алмайды. Ал қошқардың жынысымен маңдайдан ұратын ырым жоқ. Ондай дұрыс деп есептемеймін”, –деді Руслан Асматов.

47 жасына дейін ана бақытын сезбеген Айнұр Жәнібекова заманауи медицинадан көңілі қалғанын айтады. 20 жыл бала сүйе алмаған әйел түрлі емшілерді жағалап, амал-тәсілдерге жүгініп көрген екен.

“Күйеуіммен 20 жыл тұрдым. Бірақ бала болмады. Үш айлық балам түсіп қалды. Одан кейін тағы бір рет түсті. Екі рет көтергенмін. Кейін көтере алмадым. Күйеуімнің бұрынғы отбасынан бір қыз, бір ұлы бар еді. Маған сенен бала керек емес. Екі баламда жақсы өсірсең болды дейтін. Бірақ мен ана атанғым келді. Емшіге де барып көрдім. Бір күшіктің қарнын жарып, сонымен емдел деп кеңес айтқандар да болды. Бірақ олай істей алмадым”, – деді ол.

Сарапшылар көп емшінің өзіне ойдан тарих жасап алатынын айтады. Тіпті намаз оқып, Құран ұстап, тура жолда жүретін адам секілді көрінетіндерін ашып айтты.

“Емшілер өздеріне ойдан тарих жасайды. Бір ата түсіме енді. Былай деді. Солай емші болдым дейді. Намаз оқып, дін жолындағы адам секілді өзін көрсеткісі келеді. Мұның бәрі адамды тарту. Өзіне сендірудің амалдары”, – деді олар.