Қостанайда болашақ медқызметкерлерге арналған Студенттер үйі ашылды

0
1 910

Биыл Қостанай автомобиль көлігі колледжінің жанынан 500 орындық жатақхана құрылысы басталды.


Қостанайда болашақ медқызметкерлерге арналған Студенттер үйі ашылды

ERNUR.KZ. Архимед Мұхамбетов Қостанай жоғары медициналық колледжі студенттері жатақханасының ашылу рәсіміне қатысты, деп жазады ҚазАқпарат.

1500-ге жуық студент білім алатын Қостанай жоғары медициналық колледжіне жатақхананың қажеттілігі туралы мәселе көтеріліп келген еді. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында оқу орны Студенттер үйін пайдалануға беріп отыр. Қазір мұнда шәкірттерді бес мамандық, сегіз деңгей бойынша оқытады. Жатақхананың ашылу салтанатына қатысқан өңір басшысы Архимед Мұхамбетов бұл нысанның Елбасының тікелей тапсырмасымен бой көтеріп отырғанын айтты.


«Жаңа жыл қарсаңында колледж студенттері өз баспанасына көшуге мүмкіндік алды. 250 орынға арналған жатақханаға ең алдымен көп балалы отбасылардан, жетім балалар, І және ІІ топтағы және кәмелетке толмағандар орналастырылады. Ауылдық жерлерден және өзге облыстардан келген студенттерге арнайы орындар қарастырылған. Нысанның бүгінгі жағдайымен танысып шықтым, құрылыс жұмыстары сапалы орындалған. Қоныстанып жатқан шәкірттермен жолықтым. Жатақхана заманауи жабдықтармен, ас үй, оқу залы, жуыну бөлмелерімен жарақталған. Қауіпсіздік жағы ерекше қадағалауда. Бұған дейін пәтер жалдап келген шәкірттер енді мұнда тегін тұрады. Ең бастысы, жатақхана колледж ғимаратының дәл қасында орналасқан», — деді А.Мұхамбетов.

Аймақ басшысы атап өткендей, биыл Қостанай автомобиль көлігі колледжінің жанынан 500 орындық жатақхана құрылысы басталды. Сонымен қатар Қостанай жоғары политехникалық колледжі жанынан 500 орынға арналған жатақхана пайдалануға беріледі.