Қостанайда көршісі өртеп жіберген бала ауруханадан шығарылды

0
455

Балаға тері пластикасы бойынша 10-нан аса ота жасалған.


Қостанайда көршісі өртеп жіберген бала ауруханадан шығарылды

ERNUR.KZ. Қостанай облыстық балалар ауруханасынан көршісі керосин құйып өртеп жіберген бала шығарылды. Төрт жастағы Степаның денесінің 50% күйік шалған, деп жазады Stan.kz.

23 сәуір күні Степа ұзақ емнен кейін үйіне жіберілді

"Төтенше жағдай Рудный қаласында 16 наурызда болған, біздің орталық балалар ауруханасына 17 наурыз күні келіп түсті. Жағдайы ауыр болатын. Денесінің 50% күйік шалған, әдетте балалардың 99%-ы мұндай жағдайда қаза табады. Алайда біз баланың өмірін алып қалдық", - деді дәрігер Мирас Елжасов.

Сөзінше, алғашқы үш күн баланың жағдай ауыр болған. Уақыт өте жағдайы тұрақталып, бала дәрігерлердің бақылауында болған. Кейін Степаға тері пластикасы бойынша 10-нан аса ота жасалған.

"Мен оны Степашка деп атайтынмын. Бала өте ашық, ақылды. Дәрігерлер мен медбикелер жақсы көріп кетті. Қазір жағдайы тұрақты. Емдеуші дәрігер ретінде анасымен үнемі байланыста боламын. Оған ерекше күтім керек, күйіктен бөлек, ауыр психологиялық жарақатты өткерді. Қалпына келуі үшін кем дегенде жарты жыл керек", - деп түсіндірді дәрігер.

Айта кетейік, 16 наурызда Рудныйда көршісі әйел мен оның төрт жастағы баласына керосин құйып, өртеп жіберген еді.