ҚР Президенті Alibaba компаниясының негізін қалаушы Джек Мамен кездесті

0
878

Джек Ма өзінің бос уақытын Астанада өткізгісі келетінін айтты.


ҚР Президенті Alibaba компаниясының негізін қалаушы Джек Мамен кездесті

ERNUR.KZ. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ханчжоуға сапары аясында Alibaba штаб-пәтерінің жаңа компусын аралап көріп, оның даму тарихымен, қызметімен танысты, деп жазады ҚазАқпарат.

Одан кейін Мемлекет басшысы Alibaba компаниясының негізін қалаушы Джек Мамен кездесті. Екеуара сәлемдесуден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасы құрылуының 70 жылдық, Alibaba компаниясының 20 жылдық мерейтойлармен құттықтады.

Өз кезегінде Джек Ма ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа құттықтауы үшін ризашылығын білдірді.

«Қазақстанда 5 рет болдым. Қазақстанның мәдениеті мен халқын жақсы көремін. Ол жақта менің достарым көп. Бос уақытымды Сіздердің астаналарыңызда өткізген ұнайды», - деп атап өтті ол.

Alibaba Group - интернет-коммерция саласында жұмыс істейтін жаһандық компания. Штаб-пәтері Ханчжоу қаласында орналасқан. Қызметінің негізгі түрі - B2B сызбасы бойынша компаниялар арасындағы сауда операциялары және бөлшек онлайн-сауда. Alibaba.com интернет-сайты бар. 2019 жылдың басында компанияны капиталдандыру 18 пайызға артып, 421,9 млрд долларға дейін жетті. 2019 жылдың 10 қыркүйегінде 55 жасқа толған Джек Ма сол күні әлемдегі ең ірі компанияның басшысы қызметінен кетті.
Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасында 2 күндік мемлекеттік сапармен жүр.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Ханчжоуға сапары аясында инновациялық өнімдерді әлемдік нарыққа шығару бойынша көшбасшы «Hikvision» компаниясының жұмысымен танысты. Компанияның басқарма төрағасы Чэнь Цзуннянь Мемлекет басшысына корпорацияның құрылу тарихы, инновациялық өнімдер саласындағы негізгі жетістіктері туралы әңгімеледі. Чэнь Цзуннань 2001 жылы негізі қаланған компанияның шағын ұйымнан жаһандық корпорацияға дейінгі жолын баяндады. Бүгінгі таңда Hikvision халықаралық желісінің бас кеңсесі Ханчжоуда, ал Еуропа, Азия және Америка елдерінде 46 сауда өкілдігі бар. Компанияның өнімдері 150-ден астам елде сұранысқа ие. 2018 жылы компания сатылымдарының көрсеткіші 19% өсіп, 7,3 млрд долларға жетті. Жылдық табыстың 7-8%-ын жаңа әзірлемелерге жұмсайды.

Сонымен қатар, ҚР Президенті сапар аясында Қытайдың ұлттық шәй мұражайы мен Лэйфен Пагодасын аралайды деп жоспарланған.