Құлсарыдағы су тасқыны кезінде табылған мәйіттер: Әкімдік олардың қайдан келгенін түсіндірді

0
753

Жалпы қалада 3 адамның мәйіті табылған.


Құлсарыдағы су тасқыны кезінде табылған мәйіттер: Әкімдік олардың қайдан келгенін түсіндірді

ERNUR.KZ. Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері Құлсары қаласындағы “Рамазан” дүкенінің жанынан ер адамның мәйітін тапты. Оның суреті әлеуметтік желілерде тараған болатын. Атырау облысы Жылыой ауданы әкімдігі мәйіттің қайдан келгеніне қатысты пікір білдірді, деп жазады stan.kz.

Мәйітті қала сыртындағы зираттан тасқын су ағызып әкеткені белгілі болды.

“Құлсары қаласында орналасқан Басшы Ата қауымындағы зираттардан шығып, сумен айналып келген. Суреттегі мәйіттер Автожолаушылар ықшам ауданы, Рамазан дүкені маңынан табылды. Аудандық санитария-эпидемиология қызметі тұрғындарға ауа арқылы келетін қауіп жоқ екенін айтып отыр”, – деп жауап берді аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.

Қазір табылған адамның денесін Бейнеу ауданына сараптама жасауға алып кеткен.

Айта кетейік, жалпы қалада 3 адамның мәйіті табылған.

“Оның екеуі – су тасқыны барысында жоғалған тұрғындардың денесі”, – деп жауап берді әкімдіктен.

Бұған дейін Құлсары қаласында әкесі мен баласының жоғалып кеткені туралы айтылған еді. Жылыой ауданы әкімдігі олардың денелері әлі табылмағанын хабарлады.

Қазір қала сыртындағы екі зират су астында қалған.

Сонымен қатар қазақстандық эпидемиолог су тасқыны болған кезде қандай ауру тарайтынын түсіндірді.

Қазір халықты үйлерін қалыпқа келтіруден бөлек, су тасқының өзге де салдары алаңдатып отыр. Себебі желіде өлген аң-құс, малдардан қауіпті вирус тарауы мүмкін деген болжам пайда болды.