ҚҰРМАНҒАЗЫНЫҢ ТУҒАНЫНА – 205 ЖЫЛ: Даңқты күйшінің мерейтойы кең көлемде атап өтіледі

0
383

18 жасына жеткенде Құрманғазы келгенін ауыл-аймақ асыға күтетін күйшіге айналған.


ҚҰРМАНҒАЗЫНЫҢ ТУҒАНЫНА – 205 ЖЫЛ: Даңқты күйшінің мерейтойы кең көлемде атап өтіледі

Қазақ топырағында небір талантты перзенттер дүниеге келіп, күллі халықты тәнті еткен. Олардың жүздеген жылдар бұрынғы еңбектері осы күнге дейін өзгеріссіз жетіп, ұрпақтан-ұрпаққа аманат ретінде өтіп жатқаны біз үшін зор мәртебе. Биыл қазақ халқының сондай бір дарынды тұлғаларының бірі де, біреггейі, күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 205 жыл толып отыр.


1818 жылы Бөкей Ордасында туылған ол тұрмысы төмен жанұяда өсіп, өрімдей кезінен қой баққан. Ауыр тіршіліктің салдарынан болса керек, Құрманғазының муызкаға деген махаббаты әкесіне ұнамапты. Алайда, анасы перзентінің ұмтылысына ерекше ықылас танытқан екен. Ал, күй өнерін меңгеруіне сол кезеңдегі Ұзақ есімді домбыра тарту саласының шебері ықпал етіпті. Осы бір рухани ұстазы оны дұрыс бағытпен тәрбиелеп, тиісінше 18 жасына жеткенде Құрманғазы келгенін ауыл-аймақ асыға күтетін күйшіге айналған. Онымен қоймай, жер-жерде өтетін байқауларға қатысып, шеберлігін шыңдап отырған екен.


Құрманғазы туралы тарихи деректерде күйшінің Махамбет пен Исатай бастаған күрестің куәгері болғаны, Тиісінше оның күйлері Махамбеттің өлеңдерімен қатар елге рух беріп отырғаны айтылады. Тіпті, ол шенді-шекпенділерді сынап, бірнеше рет темір торға да қамалған. Сондайақ, Құрманғазының 1857 жылы «жылқы ұрлады» деген жалған айыппен жазаланғаны да белгілі. Алайда, ол сот басталмай жатып түрмеден қашып шығады. Ел аузында Құрманғазының күйі соншалықты әсерлі болып, оған тәнті болған түрме бақылаушысы темір торды өзі ашып берген деген де аңыз бар. Дегенмен, осы оқиғадан кейін патшалық билігі оны «қарақшы, бүлікші, қауіпті қылмыскер» деп атап, өмірінің соңына дейін қудалаған.


Тағдыры қиындықпен басталып, саяси қысыммен аяқталған ол Отанға деген махаббаты мен тарихи оқиғаларды өз күйі арқылы бейнелеп, «Кішкентай», «Сарыарқа», «Балбырауын», «Ақсақ киік», «Адай», «Алатау» сынды туындыларды ұрпаққа мұра етіп қалдырған. Жалпы, бүгінгі күнге оны алпыстан астам күйі жеткен. Күй қалдырып қана қоймай, Дина Нұрпейісова, Ерғали Есжанов, Меңдіғали Сүлейменов сынды мықты күйшілерді де дайындаған. Ол 1889 жылы кө жұмып, Ресейдегі Астрахань облысында жерленген. Тиісінше, 1996 жылы екі көршілес мемлекет өкілдерінің қатысумен оның мазарына кесене тұрғызылған. Тағы бір айта кетерлігі –1934 жылы академик Ахмет Жұбанов Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрін құрған болатын.


Тиісінше, бұл оркестр тарихы 2018 жылдан басталған Ұлттық домбыра күнінде Құрманғазының 205 жылдығына орай көптеген ауқымды іс-шаралар өткізілгелі отыр. Ол туралы мәлімдеген Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің директоры Медет Қуанышевтің сөзіне сүйенсек, олркестр биылғы іс-шараларын атақты күйшінің мерейтойын атап өтуден бастаған. Мәселен, биыл аталған ұжым Құрманғазының үздік туындылары орындалған ауқымды концерт ұйымдастырып, шығармашылық маусымның шымылдығын Римде өткен халықаралық гастрольдік концертпен ашқан. Одан кейін, Неаполь, Флоренция қалаларына барып, Италия тұрғындарын күй әуенімен сусындатып қайтқан. Сондай-ақ, оркестр ұжымы биыл 2 шілдеге тура келіп отырған «Ұлттық домбыра күні» аясында Астанада өтетін концерттерге қатысып, күйшінің 205 жылдығы мен оркестрдің 90 жылдығына орай арнайы қойылымдар дайындауды жоспарлап отыр. Бұл концерттік бағдарлама Құрманғазы атындағы оркестр және Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық оркестрінің қатысуымен өткізіледі деп жоспарланған. Тиісінше, өнерсүйер қауым көпшілікке танымал Айтқали Жайымов, Дінзухра Тілендиева, Руслан Баймурзин сынды дарынды азаматтар мен солақай домбырашылардың өнерін тамашалайды. Айта кетсек, бүгінде 100-ге жуық музыканты бар ұжымның қоры 4 000 туындымен толыққан.


ҚҰРМАНҒАЗЫ ОРТАЛЫҒЫ САЛЫНАДЫ

Тағы бір қуанышты жаңалық – қазір Атырауда Құрманғазы орталығының салынып жатқандығы. Естеріңізде болса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың соңында Атыраудағы құрылысы тоқтап қалған нысандарды сынға алып, қала аумағынан жастардың талатын ашатын Құрманғазы атындағы мәдениет және шығармашылық орталығын тұрғызуды жүктеген болатын. Тиісінше, Атырау облысының басшылығы бұл тапсырманың орындалатынын айтып, келер жылы Құрманғазы орталығының құрылысы басталатынын мәлімдеді. Ол орталықта киноконцерт залы мен мұражай болады.

ӘЗІРБАЙЖАН ЕЛІНІҢ ҚҰРМАНҒАЗЫҒА ҚҰРМЕТІ ЕРЕКШЕ

Сондай-ақ, наурыз айында Әзербайжан Республикасындағы Физули шаһарында күй өнерінің алыбы – Құрманғазы Сағырбайұлы атындағы Балалар шығармашылығы орталығының іргетасы қалана бастады. Бұл құрылыстың қолға алынуына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың тамыз айында Әзірбайжанға жасаған ресми сапары сеп болғаны анық. Өз кезегінде Әзербайжан елінің Президенті Ильхам Әлиев Қасым-Жомарт Кемелұлын аталған нысанның ашылуына да шақырды. Ол өз сөзінде әкесі Гейдар Әлиевке қазақ халқы көрсеткен құрметке, дәлірек айтсақ, Астанадағы орталық көшелердің біріне есімі берілгеніне ризашылығын білдірген. Одан бөлек, Қарабақтан Құрманғазы атындағы орталық салу шешіміне алғысын жеткізген. Оның сөзіне сүйенсек, қазір бауырла халықтың достығы мен қарым-қатынасын нығайтуға ықпал ететін бұл нысанның құрылысы өте қарқынды жүргізіліп жатыр.


ҚҰРМАНҒАЗЫ САҒЫРБАЙҰЛЫ ТУРАЛЫ МУЛЬТФИЛЬМ ЖАРЫҚ КӨРДІ

Сонымен қатар, даңқты күйшінің мерейтойына арналған сыйдың бірі – Құрманғазының өмірі мен өнеріне байланысты мультфильмнің көрерменге жол тартуы болып отыр. Қазіргі таңда жастар арасында аниме стиліндегі суреттерімен танымал болып жүрген Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің студенті Аружан Ұнарбекова бұл туралы жыл басында айтып, 13 сериядан тұратын Құрманғазы туралы мультфильмдегі эпизодтардың ішінде көрсетілетін шағын әңгімелер толықтай күйлердің шынайы тарихына негізделетінін жеткізген. Дерекке сүйенсек, аталған туындыдағы басты кейіпкердің бейнесі бірнеше айға созылған іріктеу нәтижесінде таңдалып алынған.


«Мультфильмдегі кейіпкерлердің қозғалыс анимациясы аса қиын болмағандықтан, біз олардың суретін детальді көрсетіп, реализим тәсілін қолданып жатырмыз. Құрманғазының туындыдағы образы бірнеше ай бойы таңдалды. Басты кейіпкерлерді жасаған суретшілер Құрманғазының референстерін жинап, үлгілердің ішінен ең қолайлысын таңдап алды. Эпизодтардың ұзақтығы әртүрлі. Мәселен, бір эпизод 20 минуттан асса, сонғылары 15-10 минутпен шектеледі. 2023 жылдың шілдесіне дейін мультфильмнің бірінші маусымы бойынша жұмыстар аяқталып, көрерменге жол тартады», - деген сол кезде жас суретші.

Десе де, бұл туындының алғашқы сериясы шілде айына жетпей жатып-ақ жарық көріп қойды. Құрманғазы Сағырбайұлына арналған жобаның авторлары – қазақстандық жас суретшілер. Авторлардың сөзіне сенсек, қазіргі жас буынға тарихымызды анимация арқылы насихаттаған тиімді болып отыр. «Дала шырқауы» деп аталатын мультсериалдың бірінші маусымы 13 сериядан тұрады. Жобаны жасаушылар сценарийді өздері жазып, бірінші серияны 14 адамдық топпен 6 ай бойын жүзеге асырған. Дегенмен, одан кейін топтағы адам саны көбейіп, бір серияны дайындауға 2-3 ай жұмсап жатыр екен. Олардың туындысы Құрманғазының ғана емес, өзге де күй өнерінің даңқты тұлғаларына арналмақ.


Жалпы, елдің Құрманғазы Сағырбайұлына деген құрметі бұрыннан да ерекше. Сондықтан, оның 205 жылдық мерейтойы кең ауқымда аталып өтілетініне сеніміміз мол.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ