Құрылыс 12 айға созылады: Көктемде Астана әуежайында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі

0
690

Әуежай күрделі жөндеу кезінде жұмысын жалғастыра береді.


Құрылыс 12 айға созылады: Көктемде Астана әуежайында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі

ERNUR.KZ. Сәуір айында елорда әуежайының ұшу-қону жолағы мен аэродромына күрделі жөндеу жұмыстары басталады. Күрделі жөндеу жұмыстары алдын ала жоспар бойынша 12 айға созылады, деп жазады stan.kz.

Әуежай күрделі жөндеу кезінде жұмысын жалғастыра береді. Ұшу және қону тек күндізгі уақытта ғана шектелуі мүмкін.

Қазақстан Республикасы көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың түсіндіруінше, аэродром мен ұшу-қону алаңы күрделі жөндеуден өткен жағдайда Астана әуежайының транзиттік әлеуеті артып, ұшу қауіпсіздігі жаңа деңгейге көтеріледі.

“Халық тарапынан да, мемлекет басшысы тарапынан да Астана халықаралық әуежайының ұшу-қону жолағына әділ сын айтылып жатыр, сондықтан біз үшін елорда әуежайының аэродромына күрделі жөндеу жүргізу өте маңызды. Аэродром мен ұшу-қону алаңы күрделі жөндеуден өткен жағдайда Астана әуежайының транзиттік әлеуеті артып, ұшу қауіпсіздігі жаңа деңгейге көтеріледі. Әуежайдың көбірек жүк рейсін қабылдауға техникалық мүмкіндігі артады”, – дейді Ластаев.

Әуежайды басқаруды қолға алған Terminals Holding өкілдері аэродромды күрделі жөндеуге қызу дайындық жүргізіп жатқанын атап өтті. Инвесторлар жобалық-сметалық құжаттаманы қаңтар-ақпан айларында талдап, ақпанның соңы мен наурыздың басында мердігерді анықтауды көздеп отыр.

Алдын ала жоспарлар бойынша, мердігер наурыз айының ортасына дейін барлық ресурстарын жұмылдыруы керек. Инвесторлардың жоспары бойынша, егер ауа-райы қолайсыздық тудырмаса, сәуір айының басына қарай аэродромда күрделі жөндеу жұмыстары басталуы керек, ол бір жылға жуық уақытқа созылады.

Бұған дейін Астана әуежайы бір жыл бойы БАӘ инвесторының бақылауында болатыны белгілі болған. Мәміле бір жылға жасалған, оның барысында инвестор әуе айлағынан түсетін ықтимал пайданы бағалайды.

Сондай-ақ көлік министрі Марат Қарабаев Астана әуежайы неліктен БАӘ компаниясының басқаруына берілгенін түсіндірген. Министр әуежай шетелдік компанияға беріледі деген сөз емес екенін баса айтқан.

“Бірінші кезекте – ұшу-қону жолағын толық жөндеу. Осылайша, республикалық бюджетке түсетін жүктемені айтарлықтай азайтады. Ал бұл ақша бюджеттен халықтың қажеттіліктеріне жұмсалады”, – деген министр.

Қоса кетейік, бұған дейін қазақстандық азамат Fly Arystan әуе компаниясының қызметіне шағымданған. Ол ұшу уақытының үш рет кейінге шегерілгенін, ал әуе компаниясы қолайсыздық үшін кешірім сұрамағанын айтқан.