Құс тұмауына байланысты СҚО мен Түмен облысының шекарасы жабылды

0
420

Жыл басынан облыс бойынша 556 мың құсқа екпе егілді.


Құс тұмауына байланысты СҚО мен Түмен облысының шекарасы жабылды

ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысымен іргелес Ресейдің Түмен облысында құс тұмауы өршіп тұр. Жайсыз аймақ ретінде есепке алынған 11 елді мекеннің жетеуінде жабайы қанаттылар қырылған. Жұқпаның таралуының алдын-алу мақсатында қос облыс арасындағы шекара жабылды, деп жазады Azattyq Rýhy.

Қауіпті ауру Солтүстік Қазақстанға да келуі мүмкін. Былтыр мамандар өңірге жұқпаны жабайы құстар әкелгенін айтқан болатын. Сондықтан ветеринария қызметі мен шаруалар алдын алу шараларын бастап кетті. Құс тұмауымен күресудің тиімді тәсілі – вакцинация екенін жағдай көрсетті. Жыл басынан облыс бойынша 556 мың құсқа екпе егілді. Желтоқсан айының соңына дейін тағы 554 мыңына вакцина салу жоспарланып отыр. Базарлар мен сауда орындарындағы құс өнімдері бақылауға алынған.

«Облысқа тағы да вакцина келе жатыр. Бір айлық балапандарға дейін екпе егеміз. Қазіргі уақытта Түмен облысымен шекара бекеті жабық. Қалған бекеттерде біздің ветеринар мамандар жұмыс істеп жатыр. Қауіп жоқ деп айтуға да болмайды. Былтыр біздің 54 елдімекенде ауру тіркелді. Соған қарап біз де жұмысты күшейтіп, ары қарай жоспар бекіттік», - дейді ҚР АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті СҚО аумақтық инспекциясының басшысы Марат Ибраев

Вакцина тұрғындарға мемлекет тарапынан тегін бөлінеді. Ал құс өсірумен айналысатын кәсіпкерлер екпені өз қаржаттарына сатып алады. Өңірде 4 құс фабрикасы бар. Олардың барлығы екпе жұмыстарын жүргізуде. Биыл маусым айында Айыртау ауданында 104 жабайы құстан тұмау анықталған болатын. Олар залалсыздандырылып, жойылды. Былтыр құс тұмауы өңірдің 12 ауданында тіркеліп, 1,5 млн-ға жуық қанатты қырылды. Мамандар биыл эпизотикалық жағдайды бақылауда екенін айтты.