Қырғызстанда өлі табылған қазақ сарбазының қанынан спирт пен есірткі табылған

0
668

19 жастағы Ұлықбек Бердішов Жамбылдағы шекара бекетінде отан алдындағы борышын өтеп жүріп, 40 күндей ізім-қайым жоғалып кеткен еді. Кейін сарбазды Қырғызстан шекарасында жартасқа асылып тұрған жерінен тапқан.


Қырғызстанда өлі табылған қазақ сарбазының қанынан спирт пен есірткі табылған

ERNUR.KZ. Бұл "Андас батыр" шекара бекетінде әскери борышын өтеп жүріп көз жұмған Ұлықбек Бердішовке жүргізілген сот медициналық сараптамасының қорытындысы. Алайда марқұм болған сарбаздың ата-анасы алғашқы сараптаманың қорытындысымен мүлде келіспейді, деп жазады exk.kz.

19 жастағы Ұлықбек Бердішов Жамбылдағы шекара бекетінде отан алдындағы борышын өтеп жүріп, 40 күндей ізім-қайым жоғалып кеткен еді. Кейін сарбазды Қырғызстан шекарасында жартасқа асылып тұрған жерінен тапқан.

Сарбаздың өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін емес деген ата-ана, ұлымыз адам қолынан қаза болды деп күдіктенеді. Ал мәйітке Тараз қаласында жасалған сараптама нәтижесі жақында шығыпты. Онда марқұмның бұлшық етінде 0,12 пайыз этил спирті, ішкі құрылысында 3-моноацетилморфин деп аталатын есірткі табылды деп жазылған. Сондай-ақ сараптама орталығындағылар Ұлықбектің көз жұмар алдында есірткіге елітуі мүмкін деген қорытындыға келген.


Ал бірақ марқұмның ата-анасы Ұлықбек есірткі қолданбақ түгілі, шылым тартпайтын еді дейді. Сондықтан баласының жұмбақ өлімінен қара жамылған отбасы сараптама нәтижесі жалған деп есептейді.

"Бұлай қорытынды бергендері тергеуді одан әрі шиеленістіру деп ойлаймын. Өйткені барлық кінәні көз жұмған баламның өзінен көре салғылары келеді. Ал ол әскерде жүріп, қалай есірткі қолдануы мүмкін? Өтірік бәрі", - дейді марқұмның әкесі Айдарбек Бердішов.

Сондай-ақ сараптамада сарбаз мәйітханаға әкелерден бір ай бұрын көз жұмған делініпті. Ал Ұлықбектің әкесі, баламның жақында ғана қайтыс болғаны денесінен көрініп тұрды дейді.

Қорытындыға күмән келтірген марқұмның отбасындағылар енді Қырғызстанда тағайындалған сараптаманың шешімін күтеміз дейді. Онымен қоса, тергеудің әділ жүргізілуі керек деген талап қойып отыр.