Қырылған құстар саны 500 мыңға жетті

0
1 152

Ауылшаруашылығы министрлігі құс тұмауы адамға қауіпсіз, жұқпайды деген ақпарат таратты.


Қырылған құстар саны 500 мыңға жетті

Еліміздің солтүстік өңірлерінде "H5N8" вирусынан қырылған құстардың саны жарты миллионға жетті. Тағы осыншасы аурудың алдын алу үшін жойылады. Мәселен, Қостанай облысында жеке сектордағы арам қатқан үй құстарының саны 3 мыңнан асқан. Бірнеше ауылдар карантинге жабылып, фабрикаларда жаппай дезинфекция жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.


Осы ретте елімізде құс еті мен жұмыртқаның бағасы көтеріле ме? Ауру қанаттылардың еті дүкен сөрелерінен бірақ шықпасына кім кепіл?

Айналасы он күннің ішінде солтүстік аймақтардан басталып, оңтүстікке бір ақ жеткен құс тұмауынан арам қатқан құстардың саны күн санап көбейіп келеді. Ет, жұмыртқа өндіретін фабрикалардағы тауықтар мен балапандарды қынадай қырған кесел енді үй құстарына да жұға бастаған. Осы ретте бір ғана Қостанай облысының 4 ауданы карантинге жабылыпты.


Соңғы мәлімет бойынша, Қостанай облысының аумағында жеке секторларда барлық өлген құстың саны 3284 басты құрайды. Біздің көрсеткішті көтеріп жіберіп отырған жалғыз шаруашылық болып отыр. Соңғы мәлімет бойынша "Агроинтерптицада" өлген құстың саны 296446 бас. Ал, енді жеке сектор екеуін қосатын болсақ 299 730 бас, - дейді Қостанай облыстық әкімдігінің Ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Бекет.

Аулада жүрген құстарға аяқ астынан індет жабысқанда тұрғындар не істерін білмей дал болған. Бірі, өздігінен қанаттыларды емдеуге тырысыпты. Ал, кейбірі бірден ветеринарлық дәрігерлерге хабарлаған.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, құс тұмауы көрші Ресейден келуі мүмкін. Себебі солтүстік аймақтармен шекаралас Омбы қаласында бірқатар қалаларды жұмыртқамен қамтамасыз етіп отырған құс фабрикасы бар екен. Сол мекемеде санаулы күннің ішінде 1,5 млн қанатты қырылып қалыпты. Ал, мамандар індеттен арам қатқан құстардың еті дүкен сөрелеріне түсу мүмкін емес дейді. Себебі, кез-келген тауар сатылымға шықпас бұрын мұқият тексерістен өтеді екен.


Магазиндерге ондай ет, жұмыртқа баруы мүмкін емес, бұл бір. Екіншіден, оны магазинге апарғанда объязательно ветеринарный сертификат немесе ветеринарный справка болуы керек. Оны ветврачтар береді. Министерство специальных дезинфикционных отряд бар. Соларды жіберіп, дезинфекция жасап, тауықтарды күйдіріп, көміп жатыр, - дейді Қазақстан құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шарипов.


Коронавирусты қойып, енді еліміздің солтүстік өңірлеріне құс тұмауы қырғидай тиіп жатыр. Осы ретте халық жиі тұтынатын құс еттері мен жұмыртқаның бағасы қалай екен?
Ал, осы сәтті ұтымды пайдаланған алып-сатарлар дүкен сөрелеріндегі құс өнімдерінің бағасын айтарлықтай көтеріп жіберген. Әсіресе жұмыртқа қымбаттаған.
Ал, Ауылшаруашылығы министрлігі құс тұмауы адамға қауіпсіз, жұқпайды деген ақпарат таратты. Бірақ, ветеринар мамандары сақтық шараларын берік ұстап, құс етін, жұмыртқасын жақсылап буға пісіру, қуыру мен қайнату маңызды екенін айтады.

Ерсін Мұхамбетқалиев, Қазақ агротехникалық университеті ветеринариялық медицина кафедрасының меңгерушісі:

Құстың иесі болсын, тұтынушы болсын жеке гигиеналық талаптар жеке сақтық ережелерін ұстанған дұрыс. Яғни құс өнімдерінен, жұмыртқадан тамақ дайындаған кезде. Жалпы, термиялық жолмен құс еті, жұмыртқа өңделсе қуырылса, пісірілсе ол ешқандай қауіптілігі жоқ, - дейді Қазақ агротехникалық университеті ветеринариялық медицина кафедрасының меңгерушісі Ерсін Мұхамбетқалиев.


Бүгінде үй құстарының қырылу дерегі еліміздің Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Жамбыл және Түркістан облыстарында тіркелді. Арам қатқан қанаттылардың денесі дезинфекциядан өтіп, өртеліп, адам аяғы баспайтын жерге көмілуде.