"Қытайдан келген мамандар біздің ауруханаларға кірмей кетті" - дәрігер

0
1 259

Олар ауруханадан вирус жұқтырып аламыз деп қорыққан. Себебі біздің дәрігерлердің киіп жүрген вирусқа қарсы қауіпсіздік киімдері сын көтермейді.


Елдегі пандемиялық жағдайға байланысты біраз шындықтың бетін ашам деп жүріп қызметінен аластатылған медицина ғылымдарының кандидаты, невролог-дәрігер Қайырғали Көнеев журналист Нартай Аралбайұлының Youtube арнасына сұқбат берді, деп жазады Skifnews.kz.

Дәрігердің айтуынша, ел ішіндегі ахуал дабыл қағарлық жағдайға жеткен. «Денсаулық сақтау министрлігі дәл қазір елдегі жағдайды бақылаудан шығарып алды. Өздері паникада отыр. Пандемиялық жағдайға дұрыс болжам жасап, нақты ахуалды бағамдай алмады. Осының салдарынан көптеген стратегиялық қателіктер кетті. Министрлік наурыздан бері әртүрлі көлемде қашықтан жұмыс істеуге ауысты. Ал қазір дәрігерлердің түгелге дерлігі үйде отыр. Бұлай болмайды, бұл дұрыс емес. Мұндай қауырт шақта ведомство бассауғаламай, халықпен бірге болуы шарт», - дейді Қайырғали Көнеев.

Айтуынша, вирустың алдын алу үшін бүгінге дейін 197 миллиард теңгедей қаржы бөлінген. Бірақ одан еш нәтиже болмай отыр.

«Қыруар қаржы бөлінгенмен пандемияның бетін қайтара алмадық. Ол қайда кетті, сөйте тұра халық қалтасынан ақша төлеп тест тапсыруға мәжбүр болып отыр. Қазынадан 24 млрд теңге бөлініп вирусқа қарсы қорғаныш киімдері алынды. Олар мүлдем сапасыз болып шықты. Сәуір айында елімізге коронавирус инфекциясын жұқтырғандарды диагностикалау, емдеу және өзара тәжірибе алмасу мақсатында қытайдан 10 дәрігер келгенін барлық БАҚ жарыса жазды. Керек болса, қытайдан келген сол мамандар еліміздегі ауруханалардың ешқайсысының есігінен аттамаған күйі елдеріне қайтып кетті. Олар елдегі ауруханаларға кіруден бас тартқан. Себебі елдегі дәрігерлердің пайдаланып жүрген вирусқа қарсы қауіпсіз киімдері сын көтермейді. Олар вирус жұқтырып алудан қорыққан. Айтуларынша, мұндай киім қытайда киілмейді екен. Осылайша қытайдан келген мамандар ешқайда кірмей-ақ, сырттай ғана пікір айтып кетті», - дейді ол.

Сол секілді дәрігер өз сұқбатында ПЦР тестің өзіндік құны ары кетсе 2500 теңге екенін оны қыруар ақшаға сатып пайда көріп отырғандардың барын айтқан. «Қазақстанда да ПЦР тест шығады. Сапа жағынан шетелдік тестерден еш кем түспейді. Бағасы да арзан. Ары кетсе бірнеше жүз теңге ғана. Бірақ оны пайдаланбады. Бір ғана Олимп лабораториялар желісіне беріп біреулер сырттан лобби жасады», - деп пікір білдірген.

Көнеев сөз арасында екі апталық карантиннің нәтижелі болатынына сенбейтінін білдірген. Айтуынша, денсаулық жүйесін қайта жүйелемей ештеңе өнбейді. «Дұрыс емес. Төтенше жағдай дұрыс өткенде қазіргі карантин қажеттілігі болмас еді. Расы керек, біздегі карантин саяси құрал ғана. Қоғам қатты өзгеріс, бұлқыныс үстінде отыр. Билік содан қорқып қана карантин жариялап отыр», - деген ой айтқан.

Бір қуантарлығы әлемді әуре-сарсаңға салған вирус өз табиғи қалпымен бәсеңдеп келеді екен.


«Ұжымдық имунитет қалыптасып жатыр. Әзір пик деңгейінде тұрмыз. Екінші толқын болмауы да мүмкін. Одан қорқудың жөні жоқ», - деген невролог-дәрігер.