Қызды сүйрелеген полиция қызметкері жауапқа тартылды

0
741

Ол қараңғыда қызды өзінің басқа бір танысымен шатастырып алғанын айтқан.


Қызды сүйрелеген полиция қызметкері жауапқа тартылды

ERNUR.KZ. Тамыздың басында БАҚ беттерінде Павлодар облысындағы демалыс үйлердің бірінде бір бойжеткенге полиция қызметкерінің тиіспек болғаны хабарланған. Бүгін бұл істің қалай аяқталғандығы белгілі болды, деп жазады Zakon.kz.

Бұл оқиға туралы алғаш рет Facebook-тегі # Немолчиkz парақшасында жарияланды. Ол арада ата-анасымен бірге демалыс үйінде демалып жатқан Айнаруға полиция қызметкері тиісіп, зорламақ болғаны айтылған еді.

Жәбірленуші демалыс үйіне қарай беттеп бара жатқанда, оған белгісіз ер адам келіп, қолынан тартып, денесін – бәрін сипалап тиісе бастағанын айтады. Мұны көрген сол арада куәгерлер де бар екен. Қыз қарсылық білдіре бастағанда, полицей оның қолын қысып, қорқыта бастаған. Оның үстіне осы деректі растайтын видео да болған. Сонымен қыз бала дереу полицияға арызданған. Бірақ оған ешқандай көмек көрсетілмеді. Жәбірленуші өзінің айтқанына көніп, ығына жығылмағаны үшін полиция қызметкері сол арада көтеріліп кеткенін, демалыс үйінің басқа да қонақтары, яғни 20 шақты адам келіп оны әрең тоқтатқанын айтады. Бірақ көпке де ол бой бермеген. Ақыры арнайы күзет қызметкерлерін шақыруға тура келген.

"Мен оның сау емес екенін көрдім. "Жібер" дегенімде, ол менің түгімді қалдырмай балағаттап, "қазір өлтіріп, көміп тастаймын" деп қоқан-лоқы көрсетті. Қасымнан кісілер өтіп жатқаннан кейін онша қорықпадым. Қасымда ата-анамның барын, солармен бірге мұнда демалуға келгенімді, әкемді шақыратынымды айттым. Сөйтсем ол: "Әкеңмен қосып, түрмеге тығып, көздеріңді шірітемін" деді, - дейді бойжеткен.

Полиция қызметкері сот алдына барды. Бірақ ол өзіне тағылған айыпты мойындамады.

Ол қараңғыда қызды өзінің басқа бір танысымен шатастырып алғанын айтқан. Дегенмен де сот оны кінәлі деп тауып, оған ұсақ бұзақылығы үшін 12 500 теңге көлемінде айыппұл салды.