Қызылорда облысында сапалы жолдар саны артып жатыр

0
252

Қызылорда облысы аумағында жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3420,3 километр.


Қызылорда облысында сапалы жолдар саны артып жатыр

Елімізде күрмеуі шешілмеген мәселелер жетерлік. Солардың ішінде көш бастап тұрғаны жол мәселесі десек, артық айтпаған болар едік. Өңірлердегі жолдардың сапасын арттыру қашанда өзекті және күн тәртібінен түскен емес. Дегенмен, осы мәселелердің алдын алу үшін жасалып жатқан жұмыстар да аз емес. Соның бірі 2021 жылы басталған "Қуатты өңірлер - ел дамуының драйвері ұлттық жобасы. Аталған жоба аясында еліміздегі сапалы жолдардың үлесін арттыру көзделген.

Осы ретте Қызылорда облысында ұлттық жобаның екінші бағыты бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталмақпыз.
Қызылорда облысы аумағында жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3420,3 километр. Оның 1016 шақырымы республикалық, 555,6 километрі облыстық, 1848,7 км аудандық маңызы бар автомобиль жолдары. Өңірде сапалы жолдардың үлесін арттыру мақсатында 2021 жылы 309 километр жолға жөндеу жұмыстары жүргізілген. Биыл «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 264 шақырым жолға жөндеу жүргізіледі деп жоспарланған. Қазіргі таңда 188 километр жолға жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, көше бойларына 2 мыңнан аса жол белгілері орнатылып, 2 275 шақырымды құрайтын жол үсті таңбалары жаңаланған. Облыс орталығының 10 көшесіне бағдаршам орнатылды.

(фото: Қызылорда облысының әкімдігі)

Жоба басталғалы, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 75 пайызға жеткен. Алдағы жоспарларға сәйкес, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық индикаторлық көрсеткішінің үлесін 82%-ға жеткізу жоспарлануда.

Экономика халықтың тұрмыс жағдайына тікелей әсер ететін бірден-бір фактор екені баршамызға мәлім. Аталған мәселе ұлттық жобаның назарынан тыс қалмаған. Осы ретте Қызлорда облысының экономикалық дамуына зер салсақ.
Бүгінде Қызылорда облысының аумағында барлығы 500-ге жуық өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейді. Оның ішінде 23 - ірі, 15 - орта, 448 - шағын кәсіпкерлік субъектілері.
Облыс әкімдігінің дерегінше, индустрияландыру бағдарламасы аясында 2020-2022 жылдары аралығында құны 47,2 миллиард теңгені құрайтын 10 жоба іске қосылған. Нәтижесінде 700-ге жуық адам жұмыспен қамтылған.
Ал, Арал ауданында балықты тереңінен өңдейтін екі цех тұрақты жұмыс жасауда. Сонымен қоса, «Аралтуз» компаниясы ас тұзын шығаратын ІІІ испан цехын іске қосты.
«Өңірдегі шыны зауыты алғашқы өнімін ағымдағы жылы қазан айының соңында шығаратын болады. Алдағы уақытта шыны зауытының айналасында шағын, орта кәсіпкерліктің белдеуін дамыту жоспарлануда», - делінген әкімдік берген мәліметте.
Қазіргі таңда жаңа өнім түрлерін шығаратын 8 кәсіпорын ашу бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде облыста шыны-талшықты-композиттік материалдар, айна, смартфондармен планшеттерге арналған ультражұқа шыны жобалары бойынша жұмыстар басталған.
Облыста биылғы жылы құс фабрикасы және балықты тереңінен өңдеу, балық ұнын шығару, күріш ақтау цехы және құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын зауыт іске қосылады деп жоспарлануда. Аталған жобаның құны 3 миллиард теңгеге жуық.
Ал, тау-кен металлургиясын дамыту мақсатында «Шалқия» және «Баласауысқандық» кеніштерін игеру жобалары іске асырылуда. Бүгінгі күні жер асты кенішінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
«Баласауысқандық» ванадий кенішінен биылғы жылдың 8 айында 300-ге жуық тонна аммоний метаванадаты Ұлыбритания, Швейцария, Австрия елдеріне және 45 тонна ферромолибден Ресейге экспортталған.
Жалпы ұлттық жоба бойынша Қызылорда облысына 2021 жылы 32,8 миллиард теңге, 2022 жылға 8,5 миллиард теңге бөлінген. 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында келер жылға – 47,3 миллиард теңге, 2024 жылға – 41,4 миллиард теңге, 2025 жылға – 34,8 миллиард теңге қаралған.
Қорытындылай келе, 2025 жылдың соңына қарай облыста ауыз сумен қамту көрсеткішін 100 пайызға, қалаларда халықтың су бұру қызметтеріне қол жеткізуін 70 пайызға дейін ұлғайту жоспарлануда. Сонымен қоса, үйге ортақ жылу және су есептегіш құралдармен толық қамтамасыз етіледі. Пайдалануға берілген тұрғын ғимараттардың жалпы алаңы 2023-2025 жылдары 2104,7 шаршы метрге жеткізу көзделген. Сондай-ақ, нормативтік күйдегі жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесін 95% жеткізу жоспарлануда.


Еске сала кетсек, елімізде өткен жылы Ұлттық экономика министрлігінің бастауымен «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы әзірленді. Ұлттық жоба азаматтардың қолайлы өмір сүру ортасын құруға бағытталған. Жоба аясында өңірлердегі ең өзекті мәселелерді шешуге арналған нақты тапсырмалар берілген.

Ұлттық жобаны іске асыру екі бағыт бойынша жүзеге асырылады:
Базалық көрсетілетін қызметтерге тең қол жеткізу;
Көліктік байланыстылықты қамтамасыз ету.
Ұлттық жобаға жалпы көлемі 7,6 триллион теңге бөлінген. Оның ішінде республикалық бюджетте 4 триллион теңге, жергілікті бюджеттерде 786 миллиард теңге қаралған. Өз кезегінде 2,8 трлн теңге жеке инвестицияларды тартуға мүмкіндік береді.
Аталған жобаны еліміздегі бірнеше министрлік біріге дайындаған. Ұлттық жоба «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» және «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламаларының, оның ішінде «Ауыл – Ел бесігі» жобасының іс-шараларын қамтиды.
Жоғарыда атап өткендей, бұл жоба негізгі екі бағыттан тұрады. Ол екі бағыт ішінара тағы сала бойынша жіктеледі. Ұлттық жобаның екінші бағыты көліктік байланыстылықты қамтамасыз етуге бағытталған.
Бұл бағыт ішкі көлік желісін дамыту мен аумақтардың сыртқы байланыстылығын арттыруға негізделіп жасалған.

«Ішкі көлік желісін дамыту республикалық маңызы бар 11 мың шақырым жолды және 27 мың шақырым жергілікті жолды салу мен реконструкциялау есебінен қамтамасыз етілетін болады.Бұл жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы республикалық маңызы бар жолдардың үлесін 100%-ға дейін және жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесін 95% -ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, автожолдарды ұлттық стандартқа сәйкес 2,3 мың жол бойындағы сервис объектілерімен қамтамасыз ету көзделеді. Аумақтардың сыртқы байланыстылығын арттыру үшін бірқатар ірі жобалар іске асырылатын болады», - делінген ресми төлқұжатта.

ERNUR.KZ