​Қызылорда облысында жаппай тәртіпсіздікке қатысқан 22 адам қамаудан босатылды

0
323

Қызылорда облысында орын алған жаппай тәртіпсіздік пен қарулы шабуыл нәтижесінде жалпы 18 ғимарат қирады, 147 автокөлік, оның ішінде 119 мемлекеттік автокөлік зақымданып, екі кәсіпкерлік нысаннан мүліктер ұрланды.


​Қызылорда облысында жаппай тәртіпсіздікке қатысқан 22 адам қамаудан босатылды

Қызылорда облысында жаппай тәртіпсіздікке қатысқан 22 адам қамаудан босатылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Қызылорда облысында орын алған жаппай тәртіпсіздік пен қарулы шабуыл нәтижесінде жалпы 18 ғимарат қирады, 147 автокөлік, оның ішінде 119 мемлекеттік автокөлік зақымданып, екі кәсіпкерлік нысаннан мүліктер ұрланды. Соның ішінде – ішкі істер органында сақтауда тұрған қару-жарақтарды иемдену мақсатында қала орталығындағы полицияның үш ғимаратына қарулы шабуыл жасалған. Бұдан бөлек, жаппай тәртіпсіздік барысында жалпы 210 адам, оның 58-і полиция қызметкерлері түрлі дене жарақаттарымен ауруханаларға көрінген.

"Аталған деректер бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің бірнеше баптарымен 59 (кісі өлтіру, террористік акті, жаппай тәртіпсіздік, қарақшылық, билік өкіліне қатысты күш қолдану және басқа да баптар) қылмыстық іс тіркелді. Жаппай тәртіпсіздік және қарулы шабуыл қылмысына қатысы бар деген күдікпен 99 адам ұсталып, оларға дер кезінде адвокаттар қамтамасыз етілген, сондай-ақ полиция қызметкерлерінің тарапынан заңсыз іс-әрекеттерге жол берудің алдын алу мақсатында барлық ұсталғандар сот-медициналық сараптамасынан өткізіліп, осыдан кейін қамауға алу шаралары қабылданды", – деді Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Байжан Байгелді.

Қазіргі уақытта сотпен 22 адам қамаудан босатылды, оның ішінде әлеуметтік жағдайы мен денсаулық жағдайына байланысты, Тергеу органының өтінішхатымен екі әйел және бір ер адамның бас шарасы жеңіл түріне, яғни үй қамауына өзгертілді. Бұл азаматтың қылмыстық іс-әрекеті, тергеп-тексеру барысында жинақталған материалдармен толық дәлелденген және олардан заттай дәлелдеме ретінде үш қару-жарақ пен 20 арнайы құралдар алынған. Қазіргі таңда бірнеше органдардан құрылған ведомствоаралық жедел-тергеу тобымен қылмыстық істің мән-жайын жан-жақты, толық және объективті түрде тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.

Тергеу барысында тергеушілермен қабылданған негізгі шешімдер Қылмыстық-процестік заңнама талаптарына сай, яғни қылмыстық процесстің үш буынды моделіне сәйкес прокуратурамен келісілген және мәжбүрлеу шаралары тергеу сотымен санкцияланған. Сондай-ақ, жаппай тәртіпсіздікті пайдаланып, қала орталығында орналасқан ломбардтан жалпы құны 300 млн теңге болатын алтын бұйымдар және аңшылық дүкенінен 6,2 млн теңгенің заттары ұрланған. Аталған ұрлық қылмыстары бойынша күдікті ретінде Қызылорда қаласының бес тұрғыны ұсталып, қамауға алынды.

"Бүгінгі күнге азаматтардан полиция органдары қызметкерлерінің әрекетіне қатысты Өзіндік қауіпсіздік басқармасына түскен 25 арыз-шағымдар бойынша тексеру жұмыстары жүргізілуде. Осы сәтті пайдалана отырып, облыс тұрғындарын сабырлыққа және Тергеу органының әрекетіне түсіністікпен қарауға шақырамын, себебі барлық тергеу әрекеттері заңның шеңберінде және толық көлемде жүргізіледі", – деп толықтырды Б. Байгелді.