ҚЫЗЫЛОРДА: Жаңақорғанда жолбарыс жүр ме?

0
2 838

Әлеуметтік желіде жобарыстың жолды кесіп өткен видеосы тарап жатыр. Бейнетаспа Жаңақорғанда түсірілген деген ақпар бар.


ҚЫЗЫЛОРДА: Жаңақорғанда жолбарыс жүр ме?

Жолбарыстың автокөлік жолын кесіп өткен видеосы «уатцап» әлеуметтік желісі арқылы тарады – деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Ұялы телефонның камерасына түсірілген бейнетаспаға қосымша, «Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы жол. Куәгерлер түсірген видео»- деген жазба бар. Дегенмен бұл бейнетаспаға қатысты «Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің» бөлім басшысы Ғани Назарбектің пікірін білген болатынбыз.

«Бұл Сыр бойын бұрындары мекендеген Тұран жолбарыстары болуы мүмкін емес. Біріншіден оның Сырдария бойында азығы қалмаған. Аңдар оның ішінде бұғы, еліктер ертедегідей өріп жүрген жоқ. Мүлде жоқ десе де болады. Екіншіден Тұран жолбарыстары мекендеген Сыр бойындағы аумақты қазір адамдар ауылшаруашылығы мақсатында қолданып жүр. Яғни, ол жерлерге күріш, мақта егіліп кетті. Үшіншіден Сыр бойында бұрынғыдай қалың тоғайлар жоқ. Ағаштар сиреп, жағалаудан ені 500, 600-ақ метр шығатын тоғайлар қалды. Сондай-ақ, қалың қамыс та қалмаған. Ғылыми деректерге сүйенсек Сыр бойын Тұран жолбарыстары өткен ғасырдың 50 жылдарына дейін мекендеген. Қателеспесем, соңғы рет олар 1947 жылы көзге түсіпті. Содан кейін Қазақстан, Өзбекстан, тіпті Түркіменстан жағынан да жоғалып кеткен»,- дейді ол.

«Уатцап» арқылы тараған видеоны әріптестермен бірге көрген Ғани Назарбек, таспада Ресейдің Хабароск өлкесін мекендейтін Амур жолбаырысы екенін айтты.