Қызылорда және Павлодар облысында телефон террорисі ұсталды

0
697

Ішімдік ішкен ер адамдар полицияға хабарласып, жарылғыш зат қойылғанын айтқан.


Қызылорда және Павлодар облысында телефон террорисі ұсталды

ERNUR.KZ. Полиция қызметкерлері терроризм туралы жалған ақпарат берді деген күдікпен екі адамды ұстады, деп жазады sputnik.kz.

5 қараша кешкі уақытта Қызылорда облысы полиция департаментінің 102 пультіне ұялы телефоннан белгісіз адам қоңырау шалып, кенттердің біріндегі үйлер арасында жарылғыш зат жасырылғанын хабарлаған. Оқиға орнына арнаулы және құқық қорғау органдарының мамандары жіберілді. Техниктер мен кинолог мамандар жарылғыш заттың жоқ екенін анықтаған.
"Полиция 39 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Ер адамның анасы жанжалдан кейін үйден кетіп қалған. Оны қайтару үшін ер адам мас күйде полицияға қоңырау шалып, бомба туралы жалған хабар берген", - дейді ведомство.
Павлодар облысында да мас ер адам бомба қойылғанын айтқан.
"Павлодар облысында да осыған ұқсас жағдай болды. 6 қараша таңғы уақытта Павлодар облысы полиция департаментінің 102 пультіне қала тұрғыны қоңырау шалып, облыс орталығындағы үйлердің біріне бомба қойылғанын айтқан. Ақпарат расталмады", - дейді полиция.
Тәртіп сақшылары 28 жастағы күдіктіні тез арада анықтап, құрықтады. Ер адам мас болған.
Екі факті бойынша да Қылмыстық кодекстің 273-бабы "Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау" негізінде қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүріп жатыр.