Қызылордада фри шығаратын зауыт іске қосылады

0
617

Өндіріс орнын ашу арқылы кәсіпкер картоп егетін шаруаларға қозғау салуды ойлап отыр. Сондай-ақ, оған фри өнімін шығаратын зауыттың жоқтығы да себеп болған.


Қызылордада фри шығаратын зауыт іске қосылады

ERNUR.KZ. Кәсіпкер Марат Сәрсенбай Сыр өңірінде тұңғыш рет фри шығаруды қолға алып жатыр. Тіпті, арнайы салынған зауытының да пайдалануға берілер күні жақын, деп жазады inbusiness.kz.

- Көптен бері қолға алған жобамызды тамыз айында іске қосамыз. Әзірше, тек өнімді шығардық, дәмін тату жұмыстары жүріп жатыр. Зауытымызда 20-ға жуық адам жұмыс істейді деп жоспарлап отырмыз. Келешекте жергілікті диқандар қосымша 500-600 гектарға арнайы түрінен картоп егеді. Биылға жететінін Қарағандыдан тапсырыспен алдырамыз, - дейді кәсіпкер.

Кәсіпкер осы күні фаст-фуд өнімдеріне деген сұраныстың жоғары екенін жақсы біледі. Әрі Қазақстан аграрлы мемлекет бола тұрып, фри өнімін шығаратын бірде-бір өндірістің жоқтығына намыстанғанын айтады.

- Бұрын кафе, ресторанда күріші бар тағамдарға тапсырыс беруші едім, былтыр қыркүйектен бері картоп фриін жеп, дәмін көрумен болдым. Бұрын жастар ғана жейтін чипсы мен фри үлкендердің де сүйікті тағамына айналғанын байқадым және аграрлы елімізде бірде-бір фри шығаратын өндіріс болмаған соң намыстанып, қолға алған жайым бар, - деді Марат Сәрсенбай.

Шыны керек, еліміздің солтүстігінде картоп егу жұмысы Сыр өңіріне қарағанда жақсы жолға қойылған. Кәсіпкер осы мүмкіншілікті пайдалану керек деп есептейді.

- Қызылордадан бастау алып, солтүстік өңірге қозғау салып, бірнеше зауыттың ашылуына мұрындық болсақ дейміз. Біздікі өнімнің бағасы да қолжетімді саналса деген ниет. Жергілікті картоп егетін шаруаларға да біршама қозғау салсақ деген ой бар. Негізі, фридің картобы басқаша болады. Біз эксперименттен қорықпаймыз. Аздап ақша мен уақыт шығындармыз, есесіне кәсіптің небір тың саласына түрен саламыз. Мүмкін, бұл да біздің еліміздің әлемге сата алатын дүниесіне айналар. Азық-түлік тәуелсіздігіне толық қолжеткізбейінше, сыртқа жаутаңдай береміз. Жастардың ең көп жейтін, жылдам дайындалатын фаст-фуд өнімдерінің негізгі құрамы ең болмаса өзімізден шықсын, қалғанын көре береміз, - дейді кәсіпкер.

Осылайша, Қызылордада фри өндірісінің нарыққа шығуына аз ғана уақыт қалды. Кәсіпкер бұл саланың қыр-сырын зерттегенін, тәжірибе жасаудан еш қорықпайтынын ашық айтып отыр. Ең бастысы, жергілікті өнім көпшіліктің сұранысын дөп басып, елімізде осы секілді өндіріс орындарының ашылуына түрткі болса дейміз.