Қызылордада мектеп оқушысы пышақ жарақатын алды: екі меңгеруші жұмыстан босатылды

0
743

4 сәуірде төбелес кезінде он бірінші сынып оқушысы параллель сыныпта оқитын балаға пышақ жарақатын салған.


Қызылордада мектеп оқушысы пышақ жарақатын алды: екі меңгеруші жұмыстан босатылды

ERNUR.KZ. Қызылорда қаласындағы №217 мектеп-лицейде мектеп оқушылары арасындағы төбелестен кейін директордың тәрбие ісі жөніндегі екі орынбасары жұмыстан босатылды. Бұл туралы облыстық Білім басқармасының баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады tengrinews.kz.

4 сәуірде төбелес кезінде он бірінші сынып оқушысы параллель сыныпта оқитын балаға пышақ жарақатын салған. Жәбірленуші ауруханаға жеткізілді. Медициналық көмек көрсетілген соң үйіне шығарылған.

"Қызылорда қаласындағы №217 мектеп-лицейінің тәрбие ісі жөніндегі екі орынбасары әкімшілік қадағалауды өз деңгейінде жүргізбегені және кемшіліктерге жол бергені үшін қызметінен босатылды. Мектеп директорына қатысты қатаң шара қолданылып, лауазымына сәйкестігі мәселесі қаралады", - делінген Қызылорда қалалық Білім басқармасының хабарламасында.

Мектеп оқушысы алған пышақ жарақаты дерегі бойынша полиция қызметкерлері тергеуді бастап, сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ, облыстық білім басқармасының 13 сәуірде өтетін кеңейтілген отырысында Қызылорда қаласы мен Қазалы аудандық білім бөлімінің басшылары мен мамандарының жауапкершілігі туралы мәселе қаралатыны айтылды.