Қызылордада үздік мектепке 34 миллион теңге табысталды

0
676

Салтанатты кеш жергілікті өнерпаздардың концертіне ұласты.


Қызылордада үздік мектепке 34 миллион теңге табысталды

ERNUR.KZ. Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Мұғалімдер күніне орай педагогтарды төл мерекемен құттықтап, оларға өңірдің дамуына, ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесі үшін алғыс білдірді, деп жазады tengrinews.kz.

Мерекелік іс-шарада ардагер ұстаз Әлима Әбдіқалықова Қызылорда облысының Құрметті азаматы атанып, "Орта білім беретін үздік ұйым" облыстық байқауының жеңімпазы Ә.Мүсілімов атындағы № 101 мектеп-лицейге 34 миллион теңге табысталды.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында "Болашаққа жол сілтейтін мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау – маңызды міндет" деп ерекше атап өтті. Бүгінгідей өзгерістерге қадам басқан уақытта жас ұрпаққа сапалы білім беріп, тәрбиелеуде ұстаздардың еңбегі ерекше, мәртебесі биік. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында өңірімізде 100 миллиард теңгеге 12 300 орындық 21 мектеп салынып жатыр. "Білімді қолдау қоры" есебінен 7,9 миллиард теңгеге физика-математика бағытындағы мектеп-интернат құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Жаңа оқу жылында Қызылордадағы 4 іргелі мектептің жанынан қосымша ғимараттар пайдалануға берілсе, "Бәйтерек" шағын ауданы тұрғындары асыға күткен 600 орындық жаңа мектеп бүгін салтанатты түрде ашылып, ел игілігіне табысталды", - деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Мерекеде Сыр елінің үлгілі ұстаздары ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен облыс әкімінің марапаттарына ие болды. Е.Әуелбеков атындағы дарынды балаларға арналған № 4 облыстық мектеп-интернатының мұғалімі Әсемкүл Жақсылықова "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" құрметті атағымен марапатталса, бірнеше педагог ҚР Оқу-ағарту министрлігінің "Еңбек ардагері", "Білім беру ісінің құрметті қызметкері" құрметті атағын, Құрмет грамотасын, "Орта білім беру ісінің үздігі" құрмет дипломын, облыс әкімінің Алғыс хатын алды.

Салтанатты кеш жергілікті өнерпаздардың концертіне ұласты.