​Қызылордалық ұстаздар мен оқушылар мектепте ұлттық киім киеді

0
4 019

Оқушылар мен мұғалімдер қазақтың ұлттық киімдерін киіп, жұртшылыққа үлгі көрсетуде. Олардың үстеріндегі оюмен оқаланған камзол, тақия, күрте жарасымды көрінеді.


​Қызылордалық ұстаздар мен оқушылар мектепте ұлттық киім киеді

ERNUR.KZ.Қызылорда облысы Қазалы ауданының мұғалімдері мен оқушылары мектепке ұлттық киім киіп келуде, деп жазады BAQ.KZ

Бұл бастаманы Наурыз мейрамы аясында Әйтеке би кентіндегі №266 мектеп-лицейдің мұғалімдері көтерген.

Мектеп директоры Сейілхан Бердібекұлының айтуынша, "қазақтың ұлттық киімдерін Наурыз мерекесінде ғана кию керек" деген стереотипті түп-тамырымен жою қажет.

«Наурыз басталғалы мектепке ұлттық киіммен келуге ұсыныс жасадық. Көпшілік қолдады. Жуырда Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Ұлыстың ұлы күнін өзгеше атап өту жайлы пікір айтқан болатын. Біз де соны қолдаймыз. Әсіресе, Наурыз мерекесі, оның сән-салтанаты, салт-дәстүрі балалардың жадында жатталуы қажет. Сондықтан осындай үлгілі үрдісті қолға алдық. Содан кейін мектеп-лицейдегі жүз оқушыға сыйлық әзірлеп жатырмыз. Қазақтың ұлттық ою-өрнектері бар қалташаларға құрт, жент, ірімшік, сөк, талқан секілді тағамдарды салып береміз. Балалар ұлттық әрі елдік санасы қалыптасады деп ойлаймыз. Келесі жылы да осындай ерекше кәдені күтіп отырады», – дейді Сейілхан Бердібекұлы.

Оқушылар мен мұғалімдер қазақтың ұлттық киімдерін киіп, жұртшылыққа үлгі көрсетуде. Олардың үстеріндегі оюмен оқаланған камзол, тақия, күрте жарасымды көрінеді.

Бұдан басқа, мектеп мұғалімдері оқушыларға 14 наурыз – Қауышу күні туралы кеңінен түсіндіруде.

«Рухани жаңғыру деген осы. Амал мерекесімен қайта қауышып жатырмыз. Біз түсіндіргеннен кейін, балалар бір-бірін ерекше құттықтап, мәз-мейрам болып жүр», – дейді мұғалім Гүлсайран Баймаханова.

Қазалы ауданындағы №266 мектеп-лицейден бөлек, үлгілі үрдісті тағы 10 мектеп жалғастыруда.