​Қызылорданың емдеу орындарында ас мәзірі талапқа сай болмай шықты

0
522

Кейбір ауруханаларда айға жуық етсіз, кондитерлік өнімдерсіз, жеміс-жидексіз отырғандығы анықталды.


​Қызылорданың емдеу орындарында ас мәзірі талапқа сай болмай шықты

ERNUR.KZ. Қызылорда облысындағы кейбір емдеу орындарындағы асханаларда науқастарға берілетін ас мәзірі талапқа сай емес, деп жазады ҚазАқпарат .

Бұл келеңсіз көріністер «Ақмешіт - адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мүшелерінің мониторинг жасау барысында белгілі болды. Жоба мүшелері облыс орталығындағы медициналық ұйымдарда және облыстың Шиелі, Жаңақорған, Сырдария, Қармақшы аудандардағы емханаларда қоғамдық мониторинг шараларын атқарды.

«Облыста «Ақмешіт - адалдық алаңы» жобалық кеңсесі ашылып, тұрмыстық жемқорлықты жою мен оның алдын алу бағытында нәтижелі жұмыстар жүргізіп келеді. Мамандар алдыңғы кезекте денсаулық сақтау саласында біршама жұмыстар атқарды. Нәтижесінде осы салада тұрмыстық жемқорлық тәуекелдері анықталды», - деді «Ақмешіт - адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Жандос Тұсмағамбетов.

Кейбір ауруханаларда айға жуық етсіз, кондитерлік өнімдерсіз, жеміс-жидексіз отырғандығы анықталды. Сонымен қатар, мониторинг барысында мемлекеттік сатып алумен алынған пастерленген сүт, қатық өнімдері талапқа сай келмеген.

Сондай-ақ, науқастарға ем-шаралар кезінде бір рет пайдаланылатын қолғаппен бірнеше науқастарға қызмет көрсетуге пайдаланылған. Бір реттік төсеніштер де бірнеше мәрте қолданылған. Бұдан бұрын Қызылордада жалған санитарлық кітапша жасау дерегі анықталғанын хабарлаған едік.




Айтар жаңалығыңыз, бөлісер оқиғаңыз болса, +77752327733 whatsapp нөміріне жіберіңіз

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет