Қызылжарда бидайдың бағасы аспандап, ірі диірмендер жұмысын тоқтатты

0
455

Қазақстан ұн экспорты бойынша әлемде екінші орында.


Қызылжарда бидайдың бағасы аспандап, ірі диірмендер жұмысын тоқтатты

Қызылжарда экспортқа жұмыс істейтін ірі диірмендер бірнеше айдан бері тұралап қалды. Себебі, аймақта бидайдың бағасы тым шарықтап кеткен. Теріскейде астықтың бір тоннасы 180 мың теңгеге дейін жетті, деп хабарлайды ERNUR.KZ Астана арнасына сілтеме жасап.

Қазақстан ұн экспорты бойынша әлемде екінші орында. Алайда, жақын арада еліміз үздіктердің қатарында болмауы мүмкін. Ауғанстанды тұтастай ұнмен қамтамасыз еткен солтүстіктің алпауыт диірмендері 3 айдан бері тоқтап тұр. Ресей бидай экспортын доғарған соң, Қазақстанда бидай құны лезде қымбаттап кеткен. Осының салдарынан кәсіпорындар арзан шикізатқа қол жеткізе алмай қалған.

"Ресейлік астық Қазақстандікімен салыстырғанда 10-15 мыңға арзандау болды. Теріскейдегі көршіміз экспортты жапқан соң, біздің диқандар былтыр жиналған бидайдың құнын себепсіз көтеріп жіберді. Қазір бидайдың тоннасы 160-180 мың теңгенің аралығында саудаланып жатыр. Ал ұнның бағасы шетел нарықтарында 185 мыңнан сатылуда. 5 теңге айырмашылық біздің шығынды ақтамайды", - дейді диірменнің коммерциялық директоры Таися Коллегова.

Ал танап басындағы шаруалар шығын көп болған соң, бидайдың бағасын көтергенін айтады.

"Қазір мемлекет субсидияны аямай төлеп жатыр, дизельдік отынды да төмендетілген бағамен ұсынады. Бірақ техниканың бөлшектеріне деген баға соңғы уақытта екі есе қымбаттады. Ал тыңайтқыштардың құны геосаяси тұрақсыздықтың салдарынан 50 процентке көтерілді. Осының барлығы астық бағасының шарықтауына әкеп соқты. Бұл -нарық талабы. Ешкім қымбатшылықты қолдан жасап отырған жоқ", - дейді диқан Олег Адам.

Былтыр Қазақстан диқандары 12 миллион тоннаға жуық астық жинаған. 7 миллионнан астам тонна бидай экспортқа жіберілсе, қалғаны ішкі нарықта. Сарапшы Евгений Карабановтың айтуынша, астықтың қымбаттауы қалыпты жағдай.

"Былтыр қуаңшылық болып,бізде егін аз жиналды. Шаруалар біразын сатып, қазір азғантай бөлігін сақтап отыр. Осыған дейін отандық бидай экспортқа шығарылды. Ал жергілікті диірмендер ресейлік арзан бидайдың арқасында пайда көріп отырды. Қазір ресейлік экспорт болмаған соң, ішкі бидайға сұраныс артып, баға көтерілді. Бұл уақытша құбылыс деп ойлаймын. Жақын арада жағдай тұрақталады", - дейді Қазақстан бидай одағының ресми өкілі Евгений Карабанов.

Диірмендер енді күзгі жиын-терім науқанын күтіп отыр. Қамбаға жаңа астық құйылған соң, бидай құны төмендейді деп үміттенеді. Бірақ, сарапшылар баяғы баға қайта келмейтінін айтады. Себебі, қымбатшылық қазір тек Қазақстанды ғана емес, әлем елдерін де қыспаққа алып тұр.