Майқайыңда жоғалып кеткен құтқарушылардың туыстары іздеуді жалғастыруды сұрайды

0
1 704

Ер адамдар мерт болды деп танылмайынша, отбасылар асыраушысынан айырылуына байланысты төлемдер ала алмайды.


Майқайыңда жоғалып кеткен құтқарушылардың туыстары іздеуді жалғастыруды сұрайды

ERNUR.KZ. Жоғалып кеткен құтқарушылардың туыстары Павлодар облысындағы "Майқайың-алтын" кен аумағында жер астына түсіп кеткен автобусты іздеуді жалғастыруды сұрап отыр. Қайғылы оқиғадан кейін екі ай өтсе де, шахтаның екі қызметкері сол күйі табылмады. Туыстары бос үмітпен өмір сүруден шаршаған. Алайда оқыс оқиға болған кәсіпорын басшылығы ешнәрсе айта алмай отыр, деп жазады stan.kz.

Жоғалған құтқарушылардың туыстары "Майқайың-алтын" шахтасына күн сайын жұмысқа барғандай барады. Кеншілердің кенже балалары әкелерін іздеп сұрайды екен. Ал үлкендері жағдайдың қалай болғанын біліп отыр. Тек әкелерінің денесін тауып берсін дейді. Сондықтан олар әрдайым шахтаға барып, іздеудің жалғасқан-жалғаспағанын тексереді.

Жоғалып кеткен кенші Айдос Шаймерденнің әкесі Әлібай Кайкин ұлының жоғалғанына 2 ай болғанын айтты.

"Ұлымның бес баласы бар. Үлкендері жағдайдың қалай болғанынан хабардар. Ал кішілері “әкем қайда?” деп іздейді. Ол қайтыс болды немесе жұмыстан келеді деп айта алмаймыз. Міне, бізде осындай өкініш бар", – деді кеншінің әкесі Әлібай Кайкин.

Бұған дейін осы жылдың 4 қаңтарында Павлодар облысындағы Майқайың кеніші маңында құтқарушылар мінген автобус 150 метр тереңдіктегі шұңқырға түсіп кеткен еді. Мамандар апат болған орынды геосканермен белгілеп, техника жете алмайтын шұңқырды қолмен қазды.

Бір жарым айдан кейін іздеу жұмысы тоқтатылды. Іздестіруді жүргізу кезінде опырылу қаупі бар екені байқалған.

"Біз тірі адамдардан, яғни құтқарушылардан айырылып қалуымыз мүмкін. Сондықтан шамамен наурыз айына дейін тексеріс аяқталады, іздеу және жалпы жұмысты қалпына келтіру туралы қосымша шешім қабылдаймыз", – деп мәлімдеді Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов үкімет отырысында.

Өкінішке қарай, кеншілердің туыстары өз бетінше іздеу жұмысына атсалысатын басқа құтқарушыларды іздеп жатыр. Айдос Шаймерденнің туысы Ерболат Қабиевтің сөзінше, ол жобалаушыларды өзі іздеп тапқан.

"Олар – менің әріптестерім. Олармен бұрыннан таныспын. Бірақ 25 ақпаннан бастап келіссөздер басталғанымен, келісімшарт жасалмады. Себебі қаржыландыру болмады", –деді Ерболат Қабиев.

Төтенше жағдайдар министрлігі бірнеше мәрте елде мұндай жағдайдың мүлдем болмағанын ескертті. Олардың сөзінше, жер бір сәтте опырылып, сол жерде шұңқыр пайда болған. Егер топырақ тағы да үгітілсе, адамдардың денесі мен автобусты қалай көтеруге болатынын білмей отыр.

Дегенмен ведомсвтво арнайы комиссия жұмыс істейтінін айтты. Комиссия тергеуді 31 наурызға дейін аяқтайды. Қазір шахтаның өзі де жабық. Басшылықтың айтуынша, олар да шұңқырға жасалған сараптаманың нәтижесін күтіп отыр.

"Майқайың-алтын" шахтасының бас директоры Қуаныш Ботин қаражат бөлінгенін жасырмады.

"Бүгінде ақша бар. Бірақ олар іске қосуға, кәсіпорын жұмысын қамтамасыз етуге арналған. Жобалаушы туралы айтсақ, онда іс жүзінде жұмыс істеудің қауіпті екенін айтамыз. Сол себепті ешкім тәуекелге бара алмайды", – деді бас директор.

36 жастағы құтқарушы Айдос Шаймерден әлі күнге дейін жоғалып кетті деп саналады. Үйінде бес баласы күтіп тұр. Балалардың кенжесі небәрі екі жаста. Ал 55 жастағы Айып Тілеубергенов автобус жүргізушісі болған. Оның екі ұлы және кәмелетке толмаған ерекше қажеттігі бар қызы бар. Ер адамдар мерт болды деп танылмайынша, отбасылар асыраушысынан айырылуына байланысты төлемдер ала алмайды.