Маңғыстауда теңіз суын тұщылайтын 9 зауыт салынады

0
661

2025 жылы Маңғыстауда ауыз су тапшылығы тәулігіне 100-110 мың текше метрге жетуі мүмкін.


Маңғыстауда теңіз суын тұщылайтын 9 зауыт салынады

ERNUR.KZ. Бұл туралы ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Әзімбек Пазылбекұлы айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, Маңғыстау облысында су құбыры желілері жүргізілген, бірақ тұщы су тапшылығы бар.

«Бүгінгі таңда аймақ негізінен «Астрахань-Маңғышлақ» су құбыры және тұщыланған теңіз суы арқылы қамтамасыз етіледі. Олардың жиынтық қуаты - тәулігіне 164 мың текше метр. Жазғы кезеңде ауыз су тапшылығы тәулігіне – 50 мың текше метрге жетеді. Өңірдің даму деңгейін ескере отырып, суға қажеттілік 2025 жылға қарай тәулігіне 100-110 мың текше метр болады деген болжам бар», - деді Ә. Пазылбекұлы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Бұл мәселені шешу үшін 9 тұщыландыру зауытын салу бойынша ірі жобалар жоспарланған.

«Қазір біздің министрліктің бюджеттік бағдарламасы аясында Ақтау қаласындағы «Каспий» тұщыландыру зауытының қуатын тәулігіне 40 мың текше метрге дейін кеңейту жобасы іске асып жатыр. Жоба биыл жыл соңына дейін аяқталады. Сондай-ақ, биыл Форт-Шевченко қаласында тұщыландыру зауытының құрылысына 4,2 млрд теңге және Ақтау қаласында қуаты тәулігіне 24 мың текше метр болатын «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС аумағында орналасқан зауыт құрылысына 10 млрд теңге бөлінді», - деді комитет өкілі.

Бұдан бөлек, биыл жеке инвестиция есебінен «Қаражанбас» кен орнында қуаты 17 мың текше метр зауытын аяқтау жоспарланып отыр.

Бұған дейін Әзімбек Пазылбекұлы Астанадағы су тапшылығы мәселесі қалай шешілетінін айтқан еді.