Маңғыстаудағы экологиялық мәселелер қалай шешіліп жатыр?

0
286

Маңғыстау өңірінде шешімін күтіп тұрған экологиялық мәселелер көп.


Маңғыстаудағы экологиялық мәселелер қалай шешіліп жатыр?

Қазақстанның Оңтүстік-Батысында орналасқан маңызды облыстың бірі – Маңғыстау өңірі. Бірнеше облыс және екі бірдей елмен шектесетін облыста бүгінде ел мұнайының төрттен бірі өндіріледі. Яғни, өнідіріс саласында өзіндік орны бар аймақ болып саналады. Алайда, мұнайлы өлкеде шешімін таппай келе жатқан экологиялық мәселелер де баршылық. Сол себепті бұл аймақта жыл сайын экологияны дұрыстау бағытында көптеген жұмыстар атқарылып жатады. Биыл да дәл солай болды. Осы орайда бүгінгі мақаламызда Маңғыстау өңірінде биыл атқарылған бірқатар жұмысқа шолу жасамақпыз.


Ең алдымен айтарымыз – биыл жыл басынан бері Маңғыстау өңіріндегі қалалардың кәріздік тазарту жүйелерінің дұрысталғандығы. Мәселен, Форт-Шевченко деген атау алған шаһардағы бір күндік қуаттылығы 4 жүз текше метрді құрайтын кәріз жүйесін тазалау техникасының жаңартылып, қуаттылығы бір мың текше метрге дейін жеткізіліп жатыр. Аталған нысандағы жұмыстар биыл жыл соңына дейін мәресіне жетеді деп жоспарланған. Ал, облыс орталығы – Ақтауда тәулігіне көлемі жетпіс мың текше метр кәріз ресурсын өңдейтін қосымша қондырғыны іске қосу жұмыстары жүргізілді. Тиісінше, бұл қондырғы облыс орталығының экологиялық ахуалын жақсартып қана қоймай, инфрақұрылым жүйелерін жақсартуға да септігін тигізбек. Сонымен қатар, мұнайшылар мекені атанған Жаңаөзен шаһарында қазір тәулігіне он мың текше метрден астам кәріз қалдықтарын өндейтін қондырғы жұмыс істеп тұрса, 2025-2028 жылдар аралығында қондырғының қуаттылығын екі есеге арттыру жоспарланған екен.


Ал, биылғы жылдың «Наурыз» мерекесі қарсаңында өңірде «Таза табиғат» деген ұранмен экологиялық науқан бастау алып, тұрғындар көптеп ағаш көшеттерін отырғызды. Тіпті бұл акцияға өңір басшысы мен орынбасарлары, кәсіпкерлер мен түрлі саладағы қызметкерлер де қатысқан. Облыс әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, жалпы биылғы жылдың ішінде өңңірде он екі мың түп ағаш егу жоспарланған екен.


Содан соң, сәуір айында өңір басшылығы Израиль елінің XtraLit деп аталатын компанияысының өкілдерімен жүздесіп, экологиялық тұрғыдан таза болып саналатын литий өндіру жобасын талқылады. Айта кетсек, химиялық элементті таза етіп өндіру үшін инновациялық технологиялар қолданылады екен. Ол технологиялардың халықаралық талаптарға сай екендігі анықталып, патенттермен қорғалған және өндіріс құралдары ретінде сынқтан өткізіліген. Ал, «жасыл» яғни экологиялық тұрғыдан таза болып саналатын литий арқылы қоршаған ортаға зияны өте аз аккумуляторлар дайындалатын көрінеді. Өз кезегінде өңір басшысы қоян-қолтық әрі нәтижелі жұмыс істеуге және кез келген тиімді ұсыныстарды тыңдауға әзір екендігін айтқан болатын.

Сонымен қатар, жазда Ақтау қаласында «Баку жазғы энергетикалық мектебі-2023» форумы өткізіліп, өңірдегі экологиялық проблемалар, әсіресе Каспий теңізінде орын алып жатқан жағдайлар талқыланды. Одан бөлек, әлемнің көптеген елдерінен келіп, Маңғыстауда бас қосқан ғалымдар, саясаткерлер мен сарапшылар өңірдің энергетикалық ахуалына қанық болды. Осы жиында Маңғыстау өңірінде «Жасыл» сутегін шығаратын өндіріс орнын салу жоспарланғаны сөз болды. Егер бұл жоба іске асырылса, облыста жыл сайын екі миллион тонна сутегі және он бір миллион тонна аммиак өндіруге мүмкіндік болады екен. Тиісінше, бұл өнімдер экологиялық тұрғыдан таза болып саналатын «жасыл» тауар болмақ.


Сондай-ақ, жыл басында облыстағы қоғамдық көліктерді жаңарту мәселесі қаралып, жүзден астам жаңа көлік сатып алу көзделген еді. Себебі, өткен жылдың соңындағы дерекке сәйкес, өңірдегі автобустардың жартысынан астамы ескіргені анықталған екен. Оған қоса, осы жоба арқылы бес жүзге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп топшыланған. Осы орайда, «жаңа автобустар экологияға қандай пайда тигізеді?» деген сауал туындайтыны белгілі. Атап өтсек, біріншіден сатып алу жоспарланған қоғамдық көліктер метан отынымен жұмыс істейтіндіктен, экологиялық тұрғыдан таза болып есептеледі екен. Оның үстіне Отандық өнім, яғни Қарағандыда құрастырылады.

Тиісінше, өткен айда облыс орталығы мен Мұнайлы ауданындағы қоғамдық көлік паркіне отыз жаңа автобус берілді. Одан бөлек, осы іс-шарада 2023 жылдың аяғына дейін тағы тоқсан автобус алынатыны мәлім болған. Мұнайлы өлкенің табиғи құбылыстарына арнайы әзірленген бұл көліктер жүргізуші мен жолаушыларға қажетті барлық жабдықтармен жасақталған екен. Ал, бұған дейінгі жылдары өңірге жаңадан елуге жуық қоғамдық көлік сатылып алынған. Оған қоса, биыл жаңа автобустарды жанармаймен қамтамасыз ету үшін бірінші рет метан газын құятын жанармай бекеті іске қосылды. Атап өтсек, бұл жобаны іске асыру алу үшін облыс бюджетінен және өнеркәсіп саласын дамытуға арналған қордан қаржы бөлінген. Жобаны жалпы құны тоғыз миллиард теңгеден асып түседі.


Тағы бір атап өтерлік жағдай – 2021 жылы облыс орталығында «Қошқар ата» деп аталатын қоқыс қоймасын жаңғырту жұмыстары бастау алған. Алайда, арадағы екі жыл бойы тоқтап қалған ауқымды жобаның екінші кезеңі келер жылы басталмақ. Себебі бұл бағыттағы жұмыстар жобаның жобалық-сметалық құжаттарының түзетілуіне байланысты тоқтатылған. Дегенмен, өңір басшылығы бұл мәселені шешіп, бюджеттен қаражат бөлдіру үшін Экология министрлігіне өтініш жіберген.

Айта кетсек, бұл қойма осыдан жарты ғасыр бұрын радиоактивті қалдықтар үшін қолданылған екен. Бұл туралы ел Президентінің өзі айтып, аталған құрылысты аяқтаудың маңызды екендігін, құрылыстан бөлек сексеуілді орман белдеуін қалыптастыру керектігін айтқан болатын.


Жалпы, Маңғыстау өңірінде шешімін күтіп тұрған экологиялық мәселелер көп. Оларды шешу үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ