Маска тағу тәртібін бұзғандарға 80 мың теңгеге дейін айыппұл салынады

0
140

Жабық, қоғамдық орындарда, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, дүкендер мен дәріханаларда, медициналық мекемелерде маска кию міндетті.


Маска тағу тәртібін бұзғандарға 80 мың теңгеге дейін айыппұл салынады

Тәртіп сақшылары қоғамдық орындарда медициналық маска кию міндетті екенін ескертеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің бұйрығына сәйкес, үйден шыққанда медициналық маска кию міндетті норма. Бұл аурудың алдын алу үшін жасалады. Құқық бұзушыларға 30 АЕК немесе 79 530 теңге айыппұл салынады.

«Бірінші кезекте полиция алдын-алу жұмыстарына көңіл бөледі. Адам көп жерлерде, саябақтарда, скверлерде, қоғамдық көліктерде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, азаматтарға маска киюді ұсынамыз. Егер адам көп орындарда маска кимесе әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бірінші кезекте біз тәртіп бұзушыларға қатысты алдын-алу шараларын қолданамыз», – дейді қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Данияр Оралов.

Сондықтан, халықтың денсаулығын сақтау, коронавирус инфекциясының алдын алу және болдырмау үшін азаматтар медициналық маска кию керек, дейді ол. Өз кезегінде, елорда тұрғындарына блиц-сауалнама көрсеткендей, респонденттердің көпшілігі маска қорғаныс ретінде қажет екеніне және оны жабық ғимарат ішінде кию керек екендігіне сенімді.


«Меніңше, сыртта маска кию қажет емес, өйткені таза ауа одан да маңызды. Иә, жабық ғимарат ішінде әлеуметтік қашықтық сақтау, маска кию керек, бірақ көшеде міндетті емес», – дейді қала тұрғыны.


«Мен жағалауда, адам көп емес жерде таза ауамен дем алу үшін масканы шешемін. Менде вирус болуы мүмкін ғой, сондықтан адамдар арасында маска киіп жүремін», – дейді тағы бір елорда тұрғыны.


Естеріңізге сала кетейік, жабық, қоғамдық орындарда, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, дүкендер мен дәріханаларда, медициналық мекемелерде маска кию міндетті.


«Маска кию COVID-19 инфекциясының алдын алу үшін өте маңызды. Маска киюдің дұрыс тәртібін сақтау керек және әр екі сағат сайын ауыстыру қажет», – деп түсіндіреді терапевт Азиза Алданбаева.


Еске салайық, Қазақстанда карантин режимі 17 тамызға дейін ұзартылды.

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет