Мәжіліс митинг туралы заң жобасына сенат енгізген өзгерістерді мақұлдады

0
128

​Парламенттің жоғары палатасы бейбіт жиналыстар туралы заң жобасының бірнеше бабына өзгеріс енгізген болатын.


Мәжіліс митинг туралы заң жобасына сенат енгізген өзгерістерді мақұлдады

ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаттары "Қазақстанда бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" заң жобасына сенат енгізген өзгерістер мен толықтыруларды мақұлдады, деп жазады sputniknews.kz.

Парламенттің жоғары палатасы бейбіт жиналыстар туралы заң жобасының бірнеше бабына өзгеріс енгізген болатын.

Сенат митингке қатысушыларға бетін бүркемелеуге рұқсат беруды ұсынды. Яғни, қатысушыларға денсаулығын сақтау қажет болған жағдайда, жеке қорғаныш құралдарын пайдалануға, мәселен маска тағуға рұқсат беріледі.

Бейбіт жиналысқа қатысып жатқан адам заңбұзушылық жасаса, ол бейбіт жиналысты тоқтатуға негіз болып табылатын. Енді бұл нормаға да өзгеріс енгізілді. Митинг кезінде қатысушы немесе қатысушылар тарапынан орын алған заңбұзушылық жойылса, митингті әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік беріледі.

Сонымен қатар, тыныс-тіршілік нысандары, көлік пен өзге де инфрақұрылым жұмысының бұзылуы, азаматтардың еркін жүріп-тұруына кедергі келтіру сияқты себептер митингті өткізуден бас тартуға негіз бола алмайды. Себебі билік мұндай кедергілерді арнайы орынды белгілеу кезінде алдын ала ескеруі тиіс.

Бұдан бөлек, сенаторлар астана, республикалық маңызы бар қалалар және облыстардың әкімшілік орталығы, аудандарының орталық бөлігінде бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындардың міндетті санын белгілеуді ұсынды.

"Сенаттың түзетулері мәжіліс мақұлдаған заң жобасының тұжырымдамасы мен мазмұнын өзгертпейді. Керісінше, оның жекелеген нормаларын жақсартуға бағытталған", - деді мәжіліс депутаты Қанат Мусин.

Мәжіліс бейбіт жиналыстар туралы заң жобасына сенат енгізген өзгерістер мен толықтыруларды бірауыздан мақұлдады.

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет