​Мәжілісмендер балаларын емханаларға көрсетпейтін жас аналар туралы талқыланды

0
1 121

Кейбір кездері жас аналар балаларында алғашқы белгілерді (мүгедекке шалдығу процесі) байқаса да, медициналық ұйымдарға бармайды.


​Мәжілісмендер балаларын емханаларға көрсетпейтін жас аналар туралы талқыланды

ERNUR.KZ. Кейбір аналар балаларының мүгедектікке шалдығуының алғашқы белгілері байқалса да, дәрігерлерге бармайды. Бүгін Парламент Мәжілісінде ҚХА депутаттық тобының отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Асқар Насиболлаұлы осылай мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

Балалардың мүгедектікке шалдығу себептеріне тоқталған ол, бұл ретте бастапқы кезеңнен диагностикалаудың төмен деңгейі мәселесі бар екенін жеткізді.

«Перинаталдық орталықтар, перзентханалар деңгейінде диагностикалық құралдардың жеткіліксіздігі бар. Яғни бұл белгілерді ерте анықтаған кезде, бір жасқа дейінгі балалар арасында мүгедектікке шалдығуды төмендетуге ықпал ететін тиісті шараларды жүргізуге болады. Тағы бір себеп экологиялық жағдайға байланысты, сондай-ақ туа біткен ауытқулар да кездеседі», - деді департамент басшысы.

Сонымен қатар ол азаматтардың көбісі өздерінің денсаулығына жауапкершілікпен қарамайтынын атап өтті.

«Кейбір кездері жас аналар балаларында алғашқы белгілерді (мүгедекке шалдығу процесі) байқаса да, медициналық ұйымдарға бармайды. Дәрігерлердің талабына қарамастан, діни және басқа да нышандарға байланысты медициналық көмектен бас тартып жатады. Осы жағдай бүгінде жиі байқалуда», - деді Асқар Насиболлаұлы.

Бұл тұрғыда ол діни ұстанымдарға қатысты ата-аналар мен балалар емханаларға мүлдем бармайтынын сөз етті.

«Осындай ұстанымдар кеңінен тараған өңірлер бар. Атқарылған жұмыстарға қарамастан, тек медициналық қызметкерлердің күш-жігері бұл бағыттағы шараларға жеткіліксіз болып тұр», - деді ведомство өкілі.