Мәжілісте ауыр дерті бар сотталушының жазасын кейін өтеуге қалдыру ұсынылды

0
379

Олар емделген соң жазасын өтеуді жалғастырады.


Мәжілісте ауыр дерті бар сотталушының жазасын кейін өтеуге қалдыру ұсынылды

ERNUR.KZ. Мәжілісте Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-аткару кодекстеріне қылмыстық сот төрелігі, жазаны орындау және азаптау мен қатыгез әрекеттердің алдын алу саласындағы адам құқықтары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы таныстырылып жатыр, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Ішкі істер вице-министрі Марат Қожаев заң жобасының негізгі бағыттарын айтып берді.

«Жазасын өтеушінің ауыр дерті болса, жазасын өтеуді кейінге қалдыруды қарастыру керек. Қылмыстық кодекстің 75-бабына сотқа ауыр дерті бар сотталушыны бас бостандығынан айыруды кейінге қалдыру мүмкіндігін енгізу қарастырылып жатыр. Қазіргі заңнама бойынша сот жазасын өтеуден босату немесе жеңіл түрін тағайындай алады. Бұл кезеңде сотталушы түрмеде жазасын өтей береді. Қазіргі таңда сот залынан бас бостандығынан айыру орындарына жазасын өтеуден босатылатын індеттің тізіміне енгендер жіберіледі. Егер өзгеріс енгізілсе, соттар жазаны тағайындаған кезде сотталушының жазасын кейінгі қалдыру туралы шешімді қабылдайды. Бұл уақытылы азаматтық ауруханаларда емделуге мүмкіндік береді», - деді Қожаев.

Вице-министрдің айтуынша, сот шешім қабылдаған соң ауыр дерті бар сотталушы мекенжайы бойынша денсаулық сақтау мекемесіне есепке тұрады.

«Денсаулық сақтау мекемелері тоқсан сайын құқық қорғау органына сотталушы науқастың емі бойынша есеп беріп отыруы керек. Сотталушы емделіп шыққан жағдайда жазасын өтеуді жалғастырады», - деді Қожаев.

Оның айтуынша, 2001 жылдан бастап 2022 жылға дейін 1400-ге жуық адамның 80 пайызы емделу барысында қайтыс болды. Оның екеуі ғана жазасын өтеп шыққан.