Медеуде Анатолий Букреевтің мүсіні орнатылды

0
437

Мүсінде Анатолий Букреев тынығып отырған қалыпта бейнеленген.


Медеуде Анатолий Букреевтің мүсіні орнатылды

ERNUR.KZ. 2023 жылдың 18 қаңтарында Медеу шатқалында қазақстандық көрнекті альпинист Анатолий Букреевке қойылған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп жазады stan.kz.

2023 жылы 16 қаңтарда Букреевтің жасы 65-ке толар еді. Анатолий Николаевич – шыңға өрмелеуші альпинист, спортқа еңбегі сіңген шебер, "Қар барысы" атағының иегері, ғаламшарымыздың 14 тауының 11-ін және Эвересттің өзін төрт мәрте бағындырған! Ол әлемге әйгілі аңыз адам, оның Эверестке шығу сапарларының бірі Балтазар Кормакураның голливудтық "Эверест" фильмінің шығуына сеп болды. Анатолий Букреев – "Жеке ерлігі үшін" орденінің кавалері (1989), өз өміріне төнген қауіпке қарамастан, тауда адамдарды құтқарған альпинистерге табысталатын Америка альпклубының ең жоғарғы марапаты – Дэвид Соулс медаліне лайық деп танылған (1997), дүниеден озғаннан кейін қазақстандық "Ерлігі үшін" медалімен марапатталған (1998).

Мүсінде Анатолий Букреев тынығып отырған қалыпта бейнеленген. Бұл – жаңа шыңды бағындырар алдындағы шағын үзіліс, альпинист қазір ғана жүріп өткен жолына көз тастап, жартастың шығыңқы бетінде отыр. Қолымен мұз шапқышына сүйенген. Авторы – мүсінші Нұрлан Далбай. Мүсін Нұрлан Смағұлов қорының бастамасымен және қолдауымен орнатылды.

Ашылу салтанатына Алматы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, Нұрлан Смағұлов қайырымдылық қоры директоры Айдын Сұлтанов, мүсінші Нұрлан Далбай, альпинизмнен Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы, Букреевтің тәлімгері әрі досы Ерванд Ильинский, журналист және аңызға айналған альпинисттің күнделіктеріне негізделген Букреев туралы "Над облаками" кітабының авторы Галина Муленкова қатысты.

"20 жасар жігіт кезінен танитын адамның мүсіні туралы ой айту қиын екен. Оның дайындығы жақсы болатын, кәсіби шаңғышы, жаттыққан, мақсатшыл, тіпті біраз бірбеткейлігі бар еді... Тауға тек мінезді адамдар ғана үйір болады. Ол өзін жақсы жағынан көрсетті, командаға сіңісіп кетті. Оны мен осындай қалпында еске аламын, осы мүсіндегідей елестетемін", – деп қоладан құйылған Букреев жайлы пікірін білдірді альпинизмнен Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Ерванд Ильинский.

Анатолий Букреев алматылықтарды Медеу мұз айдынының алдында – әр жаңадан бастаушының шыңға қарай алғашқы жолы – бөген мен Горельник жанында қарсы алады. Бұл қалалықтар мен қала қонақтарының сүйікті орны.

"Қаламыздың тарихы – біздің әрбіріміздің тарихымыз. Мұнда ұстаздарымыз бен үлгі тұтқан тұлғаларымыз өмір сүрді, атақты адамдармен бір аулада өстік... Осыны есте ұстауымыз қажет. Гималайда өзім бірнеше рет болдым, тауға шығу жорықтары өмірге көзқарасты өзгертеді дей аламын. Анатолий таусыз өмір сүре алмайтын еді. Мұндай ержүрек жандар әрі кәсіби мамандар мен романтиктер таңғалдырады және соңдарынан жетелейді", – деді Нұрлан Смағұлов.

Бұл – Нұрлан Смағұлов қорының қалалықтарға сыйлаған үшінші мүсіні. Меценаттың жоспары бойынша қалада көрнекті алматылықтардың бір топ мүсіні пайда болуы тиіс.
Алғашқы Шәкен Аймановтың мүсіні 2019 жылы "Алматы" қонақүйінің жанына орнатылды. Бұл сол кездің шығармашыл интеллигенциясының көп жиналатын жері әрі "Тақиялы періште" фильмі түсірілген орын. Екінші Герольд Бельгердің мүсіні 2021 жылы ашылды, ол Герольд Карловичтің соңғы жылдары тұрған үйіне жақын жерге қойылды. Тарлан жазушының отырып демалуды ұнататын орындығының орнында қазір қола орындық тұр. Бүгінде "біздің сүйікті дәрігеріміз" Юрий Померанцевтің мүсінін жасау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол биыл М.Ю. Лермонтов атындағы театрдың жанына орнатылады.