Мейрамхана ауласында жатқан снарядтар үйіндісі: Қорғаныс министрлігі түсінік берді

0
846

Әлеуметтік желілерде тараған видеода снарядтардың Арыстан жеткізілгені айтылады.


Мейрамхана ауласында жатқан снарядтар үйіндісі: Қорғаныс министрлігі түсінік берді

ERNUR.KZ. Әлеуметтік желілерде Жамбыл облысына қарасты аудандардың біріндегі мейрамхана ауласынан снарядтар үйіндісі табылғаны туралы видео тараған болатын. Онда қарудың Арыстан жеткізілгені айтылады. Бүгін Қорғаныс министрлігі осы жайтқа қатысты ресми түсіндірме берді, деп хжазады Azattyq Rýhy.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, ведомство пайдалануға жарамсыз оқ-дәрілерді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ведомстволық ұйымы «Қазтехнология» акционерлік қоғамына берген.

«Аталмыш «Қазтехнология» АҚ ұйымы олардың құрамындағы жарылыс қаупі бар заттарды алып, оны жоя отырып, өндірісте кәдеге жарату процесін жүргізеді. Оқ-дәрілердің сынықтары осындай үрдістен кейін ғана gosreestr.kz электрондық сауда алаңы арқылы сатуға қойылады», - делінген министрлік хабарламасында.

Ведомство видеода көрсетілген снарядтардың сырты мен оқсауытының оқ-дәрілерді кәдеге жаратқаннан кейін алынған және электрондық алаңындағы сауда арқылы жеке кәсіпорынға сатылған металл сынықтары екенін, олардың қоршаған ортаға ешқандай қауіп төндірмейтінін мәлімдеді.

Өндірістік база «Бақтияр-Group» ЖШС-іне тиесілі екені тексеру барысында анықталды.

«Оның аумағында қара металл сынықтары – күйдірілген металл, болат және шойын металл сақталған. Аталған металды «Бақтияр-Group» ЖШС 2021 жылы 30 наурызда Түркістан облысы, Арыс қаласында «Қазтехнология» АҚ-ның металл сынықтары қоймасымен жасалған шарт негізінде сатып алған. «Бақтияр-Group» ЖШС хабарламаға сәйкес заңды мекенжайы: ҚР Жамбыл облысы Байзақ ауданы Сарыкемер ауылында тіркелген», - делінген хабарламада.

Министрлік сондай-ақ, ол ұйымның түсті және қара металл сынықтары мен қалдықтарын жинау, дайындау, сақтау, өңдеу және өткізу бойынша қызметті жүзеге асыруды бастағаны туралы лицензиясы бар екенін айтты.

«26 тамызда өрт шыққан Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы оқ-дәрілер қоймасында мұндай оқ-дәрілер сақталмағанын айта кеткен жөн», - делінген хабарламада.