Мектеп терезесінен құлаған оқушы: Оқиғаның қалай болғаны айтылды

0
1 099

Сыныпта қалып қойған оқушы терезеден секіріп кеткен.


Мектеп терезесінен құлаған оқушы: Оқиғаның қалай болғаны айтылды

ERNUR.KZ. Сабақ біткен соң мұғалім оқушыларды сыныптан шығарған, алайда бір оқушы партаның астына тығылып қалған. Оны мұғалім байқамай сыртынан жауып кеткен. Бұл туралы Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова арнайы өткен брифинг кезінде айтты, деп жазады baq.kz.

Басқарма басшысының айтуынша, оқыс оқиға кеше болған және ол бұл жерде тікелей сабақ өткізген мұғалімнің кінәсі болғанын айтады.

«Онда қазақ тілі сабағы өткен. Сыныптағы оқушылар топтарға бөлінеді. Сабақ біткен соң мұғалім оқушыларды өз сыныбына апарып, сынып жетекшісіне тапсыруға міндетті. Мұғалім сыныптан оқушыларды шығарғанда оларды санамаған және партаның астына тығылып қалған баланы байқамаған. Ол есікті жауып кетіп қалған. Оқушыларды сыныбына апарғанда бір бала жетіспеген, сабақ өткен жерге қайта барғанда ол терезені ашып секіріп үлгерген», - дейді Гүлнар Ходжабергенова.

Сондай-ақ, ол бұл оқиғадан кейін мектеп өкілдері жазаланғанын және жағдайды бақылауда ұстап отырғандарын айтты.

«Бүгін сол мектептің директорына қауіпсіздікті қамтамасыз етпегені үшін қатаң сөгіс бердім. Бұл оның басты қызметтік міндеті. Ал директор өз кезегінде сынып жетекшісі мен қазақ тілі мұғаліміне сөгіс берді. Баланың жағдайы қазір тәуір, ол бірінші балалар емханасында жатыр. Дәрігерлермен үнемі байланысып, баланың халін біліп отырамыз. Жанында анасы бар. Бала тез сауығып кетеді деген үміттеміз, қазір оны палатаға ауыстырды. Жағдайы тұрақты», - дейді ол.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы қаласының мектептерінің бірінде бірінші сынып оқушысы 2-қабаттан құлап кеткенін хабарлаған едік.