Мектептегі буллинг: Оралда бірнеше педагог пен ата-аналар жауапқа тартылды

0
331

Мектеп оқушысының екіншісіне сес көрсетіп, бетінен ұрғаны түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады.


Мектептегі буллинг: Оралда бірнеше педагог пен ата-аналар жауапқа тартылды

ERNUR.KZ. Орал қаласында оқушының буллингке ұшырау фактісі бойынша бірнеше ата-ана және мұғалімдер жауапқа тартылды, деп жазады inform.kz.

Мектеп оқушысының екіншісіне сес көрсетіп, бетінен ұрғаны түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады.

БҚО Білім басқармасының баспасөз қызметі әлімжеттік оқиғасы 13 қараша күні сағат 07.50-де Зачаган кентіндегі №38 мектеп-лицейінің екінші қабатында орналасқан дене шынықтыру бөлмесіндегі әжетханада болғанын мәлім етті.

«Орал қалалық білім беру бөлімінің ақпаратына сәйкес, жәбірленген оқушының ата-анасы 6 желтоқсан күні мектеп әкімшілігіне орын алған жағдайды хабарлап, шара қолдануды сұраған. Сол күні мектеп әкімшілігі және Шаған полиция бөлімінің қызметкері сынып оқушыларымен және ата-аналармен мән-жайды анықтау үшін жиналыс ұйымдастырып, түсінік жұмыстарын жүргізді. Мектеп әкімшілігі оқушылар арасында құқық бұзушылыққа жол бергені үшін сынып жетекшілеріне тәртіптік шара қолданды. Орал қалалық білім беру бөлімі комиссия құрып, 8 желтоқсанда №38 мектеп-лицейінде тексеру жүргізіледі. Жағдай бақылауға алынды», – делінген ресми хабарламада.

Ал БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, күш көрсеткен балалардың ата-аналары жауапқа тартылды.

«6 желтоқсан күні Шаған полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлары аталған мектепте тексеру жүргізді. Соның барысында 15 жастағы 9-сынып оқушысының 8-сыныпта оқитын 13 жасар баланың бетінен шапалақпен ұрғаны анықталды. Аталған дерек Шаған полиция бөлімінде тіркелді.Тексеру нәтижесінде 9-сынып оқушысының ата-анасына қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 435-бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды. Ал видеоға түсіріп тұрған 2010 жылы туған оқушының ата-анасына қатысты аталған кодекстің 127-бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды. Оқушылармен және олардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді», – деп хабарлады ведомстводан.

Әлімжеттік көрген баланың әкесі Жәнібек Төлепбергеновтің айтуынша, баласының буллингке ұшырап жүргенін Instagram-да жарияланған видеодан білген.