Мемқызметшілердің үстеме жұмысы айтарлықтай қысқарды

0
1 137

Тұтастай алғанда, барлық мемлекеттік органдарда, яғни орталық және аймақтық деңгейлерде үстеме жұмыс 63 пайызға (12739 сағаттан 4790 сағатқа дейін) қысқартылды, бұл деген қысқа уақыт ішіндегі үлкен көрсеткіш.


Мемқызметшілердің үстеме жұмысы айтарлықтай қысқарды

ERNUR.KZ. Автоматтандырылған уақытты қадағалау жүйесінің арқасында мемлекеттік қызметшілердің үстеме жұмысы айтарлықтай азайды. Бұл туралы бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаменті директорының міндетін атқарушы Мадина Наурызбек айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Бәрімізге белгілі, 2018 жылғы 5 қазандағы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына деген «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жолдауында мемлекеттік органдарда үстеме жұмыстың бар екендігін ерекше атап өтті. Өз кезегінде, мұндай фактілер мемлекеттік қызметшілердің жұмыс сапасына теріс әсер етеді. Осыған байланысты, агенттікпен автоматтандырылған уақытты қадағалау жүйесі деректерін талдауы негізінде жүйелі профилактикалық жұмыс арқылы мемлекеттік қызметшілермен атқарылып жатқан үстеме жұмысты жою, икемді жұмыс кестесін енгізу, жұмыс компьютерлерін автоматты түрде өшіру бағдарламасын орнату бойынша кешенді жұмыс жүргізілді»,- деді ол.

Оның айтуынша, аталған жұмыс оң нәтижесін беріп, 2018 жылдың соңына қарай Инвестиция, Энергетика, Қаржы, Ауыл шаруашылығы, Білім және ғылым министрліктерінде үстеме жұмыстың айтарлықтай азаюы байқалған. Айталық, Денсаулық сақтау министрлігінде үстеме жұмыс саны 80 пайызға қысқарды. Мысалы, 2018 жылы қыркүйек айында үстеме жұмыс сағаты 3100 болса, желтоқсан айында ол сан 606 сағатқа азайды.

«Осыған ұқсас жағдай Ұлттық экономика министрлігінде байқалуда, ол жерде үстеме жұмыс сағаты қыркүйек айында 4970 болса, желтоқсан айында 1129 сағатқа қысқарды, яғни 77 пайызды құрайды. Ал, Сыртқы істер министрлігінде үстеме жұмыс саны 68 пайызға, яғни қыркүйек айында 615 сағат болса, желтоқсан айында 213 сағатқа азайды. Сонымен қатар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде үстеме жұмыс саны 59 пайызға қысқартылды, мысалы қыркүйек айында 283 сағат болса, желтоқсан айында ол сан 115 сағатты құрады. Өңірлік деңгейлерде де үстеме жұмыс істеу еселеп қысқартылуда. Атап айтқанда, Ақмола, Алматы облыстарында және Алматы қаласында мемлекеттік қызметшілермен үстеме жұмыс істеу фактілері жойылған», - деді Мадина Наурызбек.

Оның айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысында үстеме жұмыс 96 (692 сағаттан 25 сағатқа дейін), Павлодар облысында 92 (628 сағаттан 52 сағатқа дейін), Батыс Қазақстан облысында 93 (268 сағаттан 20 сағатқа дейін), Атырау облысында 90 (136 сағаттан 14 сағатқа дейін), ал Шығыс Қазақстан (412 сағаттан 57 сағатқа дейін) мен Қызылорда облысында (391 сағаттан 53 сағатқа дейін) 86 пайызға қысқартылды. Астана қаласында үстеме жұмыс 78 пайызға (399 сағаттан 86 сағатқа дейін) азайды.

«Тұтастай алғанда, барлық мемлекеттік органдарда, яғни орталық және аймақтық деңгейлерде үстеме жұмыс 63 пайызға (12739 сағаттан 4790 сағатқа дейін) қысқартылды, бұл деген қысқа уақыт ішіндегі үлкен көрсеткіш. Қазіргі уақытта барлық мемлекеттік органдардағы мемлекеттік қызметшілер еңбек заңнамасына және жұмыс кестесіне сәйкес алдын ала жазбаша келісімі бойынша үстеме жұмысқа тартылады. Үстеме жұмыс үшін өтемақы төленеді немесе демалыс уақыты, күндері беріледі», - деді директор міндетін атқарушы.