Мемлекет басшысы экономикалық мәселелер бойынша кеңес өткізді

0
101

Азаматтардың тұрмыс сапасының төмендеуіне жол бермеу керек.


Мемлекет басшысы экономикалық мәселелер бойынша кеңес өткізді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен «Ақорда» резиденциясында экономикалық мәселелер бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

Кеңес барысында биылғы 7 айдағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды. Премьер-Министр Асқар Мамин, Ұлттық Банк Төрағасы Ерболат Досаев, сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев баяндама жасады.

Жиынға қатысушылар отандық тауар өндірушілерді қолдау, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен тарифтер бағасының өсуін болдырмау, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау, көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету, сондай-ақ жылыту маусымы мен жаңа оқу жылына дайындық мәселелерін талқылады.

Мемлекет басшысы ел экономикасының дамуына салмақты серпін беру мақсатында жаңа тәсілдер ұсынудың айрықша маңыздылығын атап өтіп, бұл үшін Үкіметтің, Президент Әкімшілігінің және сарапшылар қауымдастығының үйлесімді жұмысы қажет екеніне ерекше мән берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев күнделікті мәселелерге қатысты жедел шешім ұсынумен қатар алдымызда халықаралық нарықтардағы теріс үрдістерді ескере отырып, экономиканың ортамерзімді келешектегі даму бағдарын айқындау міндеті тұрғанын атап көрсетті.

Соңында Президент азаматтардың тұрмыс сапасының төмендеуіне жол бермеу үшін басты назарды олардың мүдделеріне, халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелердің толық орындалуына аудару қажет екеніне баса мән берді.


Айтар жаңалығыңыз, бөлісер оқиғаңыз болса, +77752327733 whatsapp нөміріне жіберіңіз

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет