Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Отбасы күнімен құттықтады

0
948

Әр отбасының әл-ауқатын жақсарту – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы негізгі міндеттің бірі.


Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Отбасы күнімен құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Отбасы күнімен құттықтады, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Құрметті отандастар!

Баршаңызды Отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Әрбір адам үшін ұшқан ұясының орны бөлек. Өскелең ұрпақтың отбасында тәлім-тәрбие алып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруі өте маңызды.

«Отан отбасынан басталады» деп бекер айтылмаған. Салт-дәстүрге құрмет те, туған елге сүйіспеншілік те қасиетті қара шаңырақтан бастау алады. Отбасы институты еңбекқорлық, білімпаздық, тілектестік сынды «Адал азаматқа» тән қасиеттерді қоғамда жан-жақты дәріптеу арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосады.

Берекелі шаңырақ – елімізді үйлесімді әрі орнықты дамытудың мызғымас кепілі. Сондықтан мемлекет ана мен баланы қорғау жүйесін жетілдіруге, отбасы құндылықтарын ұлықтауға баса мән береді.

Әр отбасының әл-ауқатын жақсарту – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы негізгі міндеттің бірі. Қазақстандағы әрбір шаңырақтың керегесі кең, босағасы берік болсын!

Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін!» - делінген құттықтауда.