Мемлекет басшысының Ресей Федерациясына екі күндік жұмыс сапары аяқталды

0
330

Мемлекет басшысы 25 желтоқсан күні Ресей Президенті Владимир Путиннің шақыруымен Санкт-Петербург қаласына барды.


Мемлекет басшысының Ресей Федерациясына екі күндік жұмыс сапары аяқталды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына екі күндік жұмыс сапары аяқталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы 25 желтоқсан күні Ресей Президенті Владимир Путиннің шақыруымен Санкт-Петербург қаласына барды.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес (ЖЕЭК) отырысы өтетін Б.Н.Ельцин атындағы президенттік кітапханада Қасым-Жомарт Тоқаевты РФ басшысы В.Путин қарсы алды.

ҚР Президенті Ресей Президенті – ЖЕЭК төрағасы Владимир Путин, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясниковичпен бірге ЖЕЭК-тің шағын құрамдағы отырысына қатысты.

Кейін Мемлекет басшысы ЖЕЭК-тің кеңейтілген құрамдағы отырысына қатысып, осы жылдың оңай болмағанын, әсіресе, жаһанды жайлаған тұрақсыздықтың күшейе түскенін атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Ресейдің Ұйымға төрағалығы табысты аяқталуымен Владимир Путинді құттықтады. Сондай-ақ Никол Пашинянға Арменияның 2024 жылы Еуразиялық экономикалық одақ органдарына нәтижелі төрағалық етуіне тілектестік білдірді.

Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуіне қатысты. Жиын барысында ТМД елдерінің көшбасшылары Ұйым қызметінің басым бағыттарын, өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту және одан әрі дамыту жоспарын талқылады. Сондай-ақ ТМД аясындағы ықпалдастықтың өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясына жұмыс сапары барысында, сонымен қатар Ресей Президенті Владимир Путин, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен бірге Санкт-Петербург қаласындағы мәдени нысандарды аралап көрді.