Мемлекетке 1 млрд теңге шығын әкелген екі әйел сотталды

0
657

Өскемен қаласының екі тұрғыны 2016-2019 жылдар аралығында туыстары мен сенімді тұлғаларының атына жалған 5 кәсіпорынды тіркеген.


Мемлекетке 1 млрд теңге шығын әкелген екі әйел сотталды

ERNUR.KZ. Шығыс-Қазақстан облысының екі тұрғыны жалған 5 кәсіпорын ашып, қаражатын заңсыз жолмен қолма-қолға ақшаға айналдырған, деп жазады Skifnews.kz.


«ҚР Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті жұмыстар орындалмай, қызметтер көрсетілмей, тауарлар тиеп-жөнелтілмей шот-фактура жазу бойынша құқыққа қайшы іс-әрекеттің жолын кесті. Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында екінші деңгейлі банктерден жүйелі түрде ақшаны қолма-қолға айналдыру фактісі анықталды», - деп хабарлады комитеттің баспасөз қызметі.


Ведомствоның мәліметінше, Өскемен қаласының екі тұрғыны 2016-2019 жылдар аралығында туыстары мен сенімді тұлғаларының атына жалған 5 кәсіпорынды тіркеген. Кәсіпорындардың номинальды басшылары қаржылық-шаруашылық қызметпен айналыспаған. Бухгалтерлік есеп жүргізіп, салық есептілігін ұсынбаған. Кәсіпорында жұмысшылар штаты мен кәсіпкерлікпен айналысуға қажетті мүліктер болмағаны да анықталды.


«Іс жүзінде, кәсіпорындар контрагенттерге тауарсыз шот-фактуралар, үстеме ақша және келісімшарттар жазу мен салық төлеуден жалтару мақсатында, шығындардың бір бөлігін заңсыз өсіру үшін қылмыстық іс-әрекетте пайдаланылған. Нәтижесінде, мемлекетке төленбеген салық түрінде 1,1 млрд теңге көлемінде залал келтірілді», - делінген аталған хабарламада.


Екі әйел де ҚР Қылмыстық кодексінің 28-бабы 3-тармағы және 216-бабы 3-тармағына (Іс жүзінде жұмыстар орындалмай, қызметтер көрсетілмей, тауарлар тиеп-жөнелтілмей шот-фактура жазу бойынша әрекеттер жасау) сәйкес кінәлі деп танылып, 3 жылға сотталды.