Мерекелер қарсаңында ҚТЖ қосымша пойыздар қосты

0
459

Құрам стандартты купе мен плацкарт вагондарынан тұрады.


Мерекелер қарсаңында ҚТЖ қосымша пойыздар қосты

ERNUR.KZ. «Жолаушылар тасымалы» АҚ Тәуелсіздік күні мерекесі мен Жаңа жыл мейрамы қарсаңында пойыз билеттеріне сұраныстың артатынына байланысты бірнеше бағыт бойынша қосымша пойыздар қосып отыр, деп жазады inform.kz.

Қосымша пойыздар келесі бағыттар бойынша қатынайды:

  • 201/202 «Нұр-Сұлтан 1 - Шымкент» бағытында: елордадан 3 пойыз шығады – 2023 жылдың 15, 29 желтоқсанында және 2024 жылдың 1 қаңтарында. Шымкенттен кері шығатын күндер – биылғы 16, 30 желтоқсан мен 2024 жылдың 2 қаңтары.
  • 203/204 «Нұр-Сұлтан Нұрлы жол - Алматы 2» бағытында: «Нұрлы жол» вокзалынан 5 пойыз шығады – осы жылдың 15, 28, 29 желтоқсанында және 2024 жылдың 1, 2 қаңтарында. Алматы 2 вокзалынан кері қайтатын күндер – 16, 29, 30 желтоқсан және 2024 жылдың 2, 3 қаңтары.

Құрам стандартты купе мен плацкарт вагондарынан тұрады.

Сондай-ақ №7510/7509 электр пойызының Астанадан Павлодар бағытында қосымша рейстері қосылады. Пойыз елордадан осы жылдың 15, 29, 30 желтоқсанында, ал кері бағытта – биылғы жылдың 18 желтоқсанында және 2024 жылдың 2 қаңтарында жүреді.

«Бұдан басқа сұранысы көп бағыттар бойынша техникалық мүмкіндік болған жағдайда жолаушылар пойыздарына қосымша вагондар қосылады», - делінген мәліметте.

Еске салайық, 21 қарашада Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында ҚТЖ басшысы Нұрлан Сауранбаев жаңа жыл мерекесі күндеріне Алматы мен Астана арасындағы пойыздарға билет қалмағанын айтқан еді. Сол себепті қосымша пойыздар қосылатынын атап өтті.